Профессор Әбдіраманов - Ғылыми мектептің негізін салушы

Рисунок11Қазақстан Республикасының жаратылыстану ғылымдары академиясының және «Экология» халықаралық академиясының академигі,

РЕСЕЙ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫ АКАДЕМИЯСЫ АКАДЕМИГІ, техника ғылымдарының

докторы, профессор

Әбдіманап Әбдікерімұлы Әбдіраманов 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы «Қазақстанның 20-жылдығы» ауылында дүниеге келген.

1947..1954ж.ж. жеті жылдық мектепті бітіріп Шымкенттегі ауыл шаруашылық техникумының «Гидромелиорация» бөліміне оқуға түседі. Оны үздік бітіріп 1959 жылы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының «физика және жалпы техникалық пәндер» мамандығына білімгер болып қабылданады. 1964ж. институтты үздік бітіріп, қарулы күштер қатарында бір жыл қызмет етеді. 1965…1976 жылдары Қазақтын су шаруашылық ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкерден бастап бөлім бастығына дейін өседі. 1976 жылдың қазан айынан Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына конкурс арқылы «Теориялық механика» кафедрасына меңгеруші болып өтеді. 1976-2011 жылдар аралығында Ә.Әбдіраманов «Гидравлика», «Гидроэнергетика», «Су ресурстары және гидротехникалық құрылымдар» кафедраларын басқарды, 1992…1993 жылдары инженерлік-мелиоративтік факультетінің деканы қызметін атқарды.

Ә.Әбдіраманов 340 ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 9 монография, 1 оқулық, 5 оқу құралы, 135 өнертабыстарға берілген патенттер.

Ә. Әбдірамановтың ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым докторы, 4 РhD докторы, 9 ғылым кандидаты, 7 магистер диссертациясын қорғады.

Ә. Әбдіраманов Қазақстанның ғылыми жетістіктерін үлкен ғылыми форумдарда - МАГИ-дің ХХ конгресінде, теориялық және қолданбалы механиканың V, VI, VIII съездерінде, V-Дүниежүзілік инжениринг және технологиялық конгресте (WCET-2012 т.б.) көрсете білді, ол Ирак, Тунис, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстаннан шыққан ғалымдардың докторлық және кандидаттық диссертацияларының ресми оппоненті болды.

Ә.Әбдіраманов еңбегі мемлекет және ғылыми қоғам жағынан жоғары бағаланады, ол «ҰОС жеңісінің 20 жылдық» медалімен (1965), КСРО өнертапқышы (1975) төсбелгісімен, КСРО көрмесінің күміс және қола (1991, 1976) медальдарымен, «Еңбек ардагері» (1989) медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» (1998) төсбелгісімен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2008) төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, екі рет «ҚР ЖОО-ның үздік оқутышысы» (2005, 2010) мемлекеттік гранттарымен және В.И. Блинников атындағы ЕАПО-ның алтын медалімен (2012) марапатталған.

2015 жылы маусым айында іргелі және қолданбалы ғылымдарды дамытқаны үшін Еуропалық ғылыми және өндірістік консорциум Михаил Васильевич Ломоносов атындағы алтын медальмен, сонымен қатар физика-математикалық ғылымдарды дамытуға қосқан үлесі үшін Исаак Ньютон атындағы медальмен марапаттады.

2015 жылы Ресей Жаратылыстану ғылым Академиясы ғылым мен білім беруге жасаған еңбегін бағалап «Ғылыми мектептің негізін салушы», «Ғылым және білім беруге еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атақтар берді. Сонымен қатар Ресей Жаратылыстану Академиясының Президиумы бірауыздан Академияның корреспондент – мүшесі, кейіннен академигі етіп сайлады. Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясы профессор Ә.Әбдірамановты дүниежүзілік ғылым мен өнертабысқа қосқан үлесі үшін «Первый среди равных» орденімен және «Альфред Нобель» атындағы медалын сыйлады.

Профессор Ә.Әбдіраманов «Гидроциклонды сорғы қондырғыларының гидравликасы» ғылыми мектебінің негізін салушы ретінде тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге ТМД елдеріне, дүние жүзіне танымал ғалым. Гидротехника саласында мемлекеттік тілде кітаптар жазып қана қоймай, ұлтжандылық сезіммен, ғылым тілін мемлекеттік тілде сөйлетуге орасан зор еңбек сіңірді. Профессор Ә.Әбдіраманов терең білімділігімен қатар, мемлекеттік тілді де өте жоғары деңгейде біледі. Ақындық және жазушылық қабілеті бар. 50-60 жылдай өз ғұмырын гидротехниканың мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сөйлеткізу үшін еңбек сіңіріп келе жатқан ғалымдардың бірі, бірегейі профессор Ә.Әбдіраманов болып табылады. Бұл сөзіміз дәйекті болу үшін, ол кісінің оқу-әдістемелік, ғылыми шығармаларының бірі, гидравлика пәнінен 2012 жылы шығарған оқулығының ішіне үңіліп, бұл ғалымның гидротехника саласына енгізген қазақы терминдерінің тізіміне талдау жасадық.

Сұйықтың жүктену күштері. Егер сұйыққа сыртқы күштер әсер етсе, ол сұйықтың ішкі күштерінің (молекулааралық) тепе-теңдігін бұзады. Кез келген қимада ішкі күштердің қосындысы нөлден ауытқиды және ол сыртқы күштерге қарсы бағытталады. Ішкі күштердің шамасы сыртқы күштермен теңескенше өседі. Сұйықтың мұндай күйін жүктену (күштену) деп атайды. Соған сәйкес сұйық қимасында пайда болған күштерді жүктену күштері деп атайды

Динамикалық тұтқырлық коэффициентіне кері шаманы аққыштық коэффициенті немесе аққыштық деп атайды. Аққыштық сұйықтың шексіз деформациялана алатын қасиеті. Ньютонның заңы тура сызықты ламинарлық режімдегі біртекті сұйық қозғалысына тән. Ал ерітінділері мол немесе тасындысы көп, сұйық қоспалары үшін жанама жүктену басқа теңдеулермен өрнектеледі. Ондай сұйықтарды ньютондық емес сұйықтар деп атайды.

Беттік жиырылу және капиллярлық. Сұйық әрқашан өзінің еркін бетінің ауданын азайтуға тырысады, оны беттік жиырылу деп атайды. Сұйық бетіндегі жұқа қабатқа тіктеме бойымен, сұйық ішіне бағытталған, молекулалық қысым деп аталатын қорытқы қысым әсер етеді.

Гидравликада сұйықтың үлесті энергиясын арын деп атайды. Бұл алдын – тегеуірін деп аударылып келген. Тегеуірін қатты денелерге қатысты, ал сұйыққа арын сөзі ұғымды.

Сұйықтың қалыптасқан және қалыптаспаған (установившееся и неустановившееся) қозғалыстары термині – бұрынғы авторлармен орныққан және орнықпаған деп аударылып келді. Профессор Ә.Әбдіраманов өз кітабында қалыптасқан қозғалыстың уақытқа қатысты өзгермей, тек қана қарастырылып отырған нүктенің ағындағы орнына тәуелді, яғни жылдамдықтың құраушылары тек координаталардың ғана фунциялары болып табылатын қозғалыс деп, ол орныққан деген сөзге мүлдем сай келмейтінін айтып өтеді.

Құйынды сызық, құйынды және бұрандалы қозғалыстар (вихревое и винтовое движения). Әрбір сұйық бөлшек өз қозғалысында бұрыштық жылдамдықпен айналуы мүмкін, ал ол вектор айналмалы қозғалыс болатын жазықтыққа нормаль бойымен салынатыны теориялық механикадан белгілі. Лездік уақыт сәтінде, барлық нүктелердегі жанама бойымен бағытталатын қисық сызықты, құйынды сызық деп атайды (1-сурет).

Ақпа сызықтары сияқты, құйын сызықтары да бір-бірімен ешқашан қиылыспайды. өйткені, олай болған кезде қиылысу нүктесінде ілгерілемелі жылдамдық, немесе бұрыштық жылдамдық, бір мезгілде екі бағытқа ие болуы тиіс (әрбір сызыққа жүргізілетін жанама бойымен), ал ол мүмкін емес.

Ақпа, өтім және өтім қимасы. Ақпа (струя) сөзі қазіргі кезде құлаққа жағымды қалыптасқан сөз болып кетті. Бірақ бұл сөздің шығуы үшін профессор Әбдіраманов қанша жыл тер төкті. Сөздің өз мағынасын қазақ тілінде жеткізуіне көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде ақпа сөзі гидротехникаға еркін, оңай еніп кетті. Өтім (расход) көп уақытқа дейін шығын, шығындалу деп аударылып келді. Негізінде өтім деген су мөлшерінің қандайда-бір уақыт ішінде берілген қима арқылы өтуін санайды. Бұл тұрғыда профессор Әбдірамановтың «өтім» термині өте уақтылы және дәйекті айтылған термин болып шықты, қазір барлық қазақ тілінде білім алатын ЖОО ешқандай қиындықсыз пайдаланымға жіберді. Өтім қимасы (живое сечение) деп қима нүктелеріндегі жергілікті жылдамдық векторларына көлденең орналасқан бетті айтады. Көлденең қима немесе тірі қима деп аударылып келді. Өтім қимасы термині мағынасы және техникалық дәлдігі жағынан өте дөп табылған аударма болды.

Тұтқырлықсыз және тұтқырлы сұйық (невязкая и вязкая) қозғалысы. Қазақ болғанымызбен, кейде өзіміз кейбір қазақша сөздерді түсінбей қаламыз, солардың бірі «тұтқырлы» деген сөз. Профессор Әбдірамановпен гидравликада тұтқырлы деген сөз пайда болды, бастапқыда мұны ел елемегенімен, бертін келе бұл термин құлаққа жағымды әрі өзінің мағынасын беретін термин ретінде гидротехника саласына енді.

Сулану периметрі. Сұйық ағынының шектік беттерін екі бөлікке бөлуге болады. Оның бірі - арнаның қатты бетімен жанасатын бөлігі, яғни суланған бет; екіншісі – еркін бет, яғни сұйықтың атмосферамен немесе газ тәрізді ортамен шектесетін беті. Өтім қимасы контурының қатты денемен жанасатын бөлігін сулану периметрі деп атайды. Өтім қимасының қалған бөлігі ағынның еркін бетінің енін құрайды.

Егер арна призмалық болса, яғни оның қимасының пішіні мен ауқымдары (өлшемдері) ұзына бойы тұрақты болса, онда бірқалыпты қозғалыс кезіндегі суланған беттің ауданы S=χℓ болады.

Арынсыз және арынды ағындар (напорные и безнапорные потоки). Ақпалар (струи). Ағын беті ауамен немесе газбен шектелсе, ал қалған бөлігі қатты денемен шектелсе, ондай ағынды арынсыз ағын деп атайды. Барлық жағынан қатты қабырғалармен шектелген ағынды арынды ағын деп атайды

Бірқалыпты және айнымалы қозғалыстар. Каналдың (арнаның) кез келген қималарындағы гидравликалық параметрлер: өтім, су тереңдігі, сәйкес нүктелердегі жылдамдықтар, өзгермейтін ағын түрін бірқалыпты сұйық қозғалысы деп атайды. Айнымалы қозғалыс ағынның өтім қималарының әртүрлілігімен немесе сәйкес нүктелердегі жылдамдықтардың ұзындық бойынша өзгеруімен сипатталады. Айнымалы қозғалысты практикада жиі кездестіруге болады. Мысалы, өзендер мен каналдардағы бөгеттердің, құламалар мен тезағарлардың әсерімен болатын қозғалыстар. Сондай-ақ, мұндай қозғалысты, өтім қималары (демек жылдамдықтары) өзгермелі, диффузорлы немесе конусты құбырлардан да көруге болады.

Сұйықтың тұтастық (неразрывность) теңдеуі. Сұйық қозғалысының үзіліссіздігін (кеуексіздігін) тұтастық теңдеуі арқылы өрнектейді, ол сұйық массаның сақталу заңы болып табылады.

Тұрбулентті лыпыл. Тұрбуленттік ағындардың кез-келген нүктесінде жергілікті жылдамдық, қысым және жанама жүктеме өздерінің орташа мәндерінің айналасында лыпылдап өзгеріп тұрады. Өйткені кеңістіктегі бір нүктеден сұйықтың әртүрлі жылдамдықтағы бөлшектері өтеді. Міне осыны лыпылдық құбылыс деп атайды.

Тұрбуленттіліктің ұйытқу теориясы. Гидротехникалық практикада көбіненсе изотропты тұрбуленттілікті қарастырады. Тұтқырлы сұйықтағы тұрбуленттік лыпылдар, жылдамдық градиентінің әсерімен екі араласатын жылжымалы қабаттардың шекарасында пайда болатын ұйытқудың нәтижесі екенін көреміз. Рейнольдс теңдеулерін қорытып шығарғанда, масса араласудың себебі ретінде, осы майда ұйытқулардың диффузиялы механизмі қарастырылған.

Жатық өзгермелі сұйық қозғалысы (плавноизменяющееся движение жидкости). Гидравлика негізінен бірөлшемді қозғалыстарды қарастырады, сондықтан оның шеше алатын есептерінің ауқымын кеңейту үшін бірқалыпты қозғалыстармен бірге бейқалыпты қозғалыстардың жатық өзгермелі түріне ерекше мән беріледі. Жатық өзгермелі қозғалыстың моделін Буссинеск ұсынған.

Өтім қимасында ауырлық күшінен басқа оған шамалас инерциялық күштер де әсер ететін сұйық қозғалысын шұғыл өзгеретін қозғалыс деп атайды.

И.Никурадзенің, А.П.Зегжданың және Г.А.Муриннің эксперименттік зерттеулері көрсеткеніндей тұрбуленттік режімдегі ағын мен қатты дене шекараларында (арна түбінде, қабырғаларында) ламинарлық режимге жақын аса жұқа сұйық қабат болады. Бұл қабатты “ламинарлық қабыршақ” деп атайды. Ол өте жұқа (миллиметрдің үлестерімен өлшенеді). Ағынның негізгі бөлігі тұрбуленттік өзек деп аталады. Алайда соңғы зерттеулердің нәтижесінде, ламинарлық қабыршақ пен тұрбуленттік өзек аралығындағы қозғалыс режімі аралас (бір мезгіл ламинарлық, бір мезгіл тұрбуленттік) болатындығы айқындалған. Осы айтылған жайттарға сәйкес, жалпы, тұрбуленттік ағын ламинарлық қабыршақтан, аралас режімді қабаттан және турбуленттік өзектен тұрады.

Қондырмалар мен сұғындырмалар (насадки и внутренние насадки). Қондырма деп жұқа қабырғадағы тесікке кигізілген қысқа құбырды айтады. Сұғындырма дегеніміз сыйымдылықтың ішіне кигізіліп орнатылған қысқа құбырша. Ағынның көлденең қима ауданының өсетіндігі салдарынан сұйықтың шығу жылдамдығы азаяды, демек кеңейетін қондырмалар, едәуір вакуумның пайда болуымен, өткізгіштік мүмкіндігінің молаюымен, судың шығу жылдамдығының азаюымен ерекшеленеді.

Көмілмеген еркін ақпалар. Дөңгелек тесіктен тіп-тік атмосфераға ытқып шығып жатқан ақпаны көмілмеген еркін ақпа дейді (фонтандағы сұйық қозғалысы). Ақпа бойынан үш түрлі ерекшелікті байқауға болады. Алдымен сұйық, қондырма тесігінен шыққан соң, тұтас күйінде біраз жерге дейін көтеріледі де, одан соң үлкен-үлкен бөлшектерге бөлініп ыдырайды, тұтастықтан ажырайды, ақырындап майда тамшыларға айналып кетеді. Мұның сырын профессор Әбдіраманов былай түсіндіреді. Ақпа биікке көтеріліп бара жатқанда оған ауырлық күші, ауаның кедергі күші, ақпа қабаттарының үйкеліс күші және беттік жиырылу күші әсер етеді. Осы күштердің әсерімен бірте-бірте құрылымын өзгертіп, тұтастығынан ажырайды. Ақпа тармақталып, әртүрлі биіктікке шашырайды. Бұл құбылыс, тармақталған сұйық массаларының, үлкен-үлкен тамшылардың, кинетикалық энергияларының әртүрлі екенін көрсетеді.

Бұралған ақпалар. Бұралған ақпалар өмірде көптеп кездеседі. Айталық, мұхиттағы үлкен иірімдер, су және жер бетіндегі құйындар, өзендер мен канал айналмаларында болатын судың көлденең айналуы, құм-шағал тұтатын арықтардың жуатын айналмалы қалталарындағы су мен құмның қозғалысы, терең шахталы суағызғыштардағы бұралған қозғалыс, сондай-ақ сорғыларда, ортадан ығыстырғыш форсункаларда, сепараторларда, центрифугаларда, гидроциклондарда, су электр станциялардың тұрбиналық камерасына су әкелетін құрылымдарда, су тоңазытқыштарда, тағы да басқа құрылымдарда кездеседі.

Гидравликалық сфероид. Бұралған еркін ақпаның ауа кеңістігінде тіктеме бойынша дамуын қарастырайық. Ол үшін мына бір қарапайым тәжірибенің нәтижесін ескерейік. Егер дөңгелек қуыс цилиндр қондырманы конусша тарылтып, оның корпусына жанама орнатылған құбырша арқылы сұйық енгізсек, қондырма ішінде бұралған ақпа пайда болады. Енді сұйық арынын бірте-бірте көтерсек, қондырма үстінде ернеуі кедір-бұдыр рюмка тәрізді ақпа көрінеді, ал одан соң жұқа сұйық қабыршақ көтеріліп жоғары жағы иіріліп тұйықталады да еркін гидравликалық сфероид пайда болады. Сфероидтың төбесінде (полюсте) ширатылған жіп тәрізді, бұралған сұйық ақпа көтеріледі. Одан әрі, сұйық ақпа өзінің тұтастығын жоғалтып, үлкен-үлкен тамшыларға айналып, жан-жағына шашырап тарап жатады. Бұл эффектіні 1990ж. Ә.Әбдіраманов ашқан, сондықтан ол Әбдіраманов эффектісі деп аталады.

Гидравликалық тұйық. Бұл құбылысты түсіндіру үшін тік орналасқан гидроциклондағы сұйық қозғалысын қарастырып көрейік. Жоғарғы қондырмадан шығатын сұйық өтімі арынға тәуелді. Ал төменгі конус ұшындағы қондырма тесігінен шығатын өтімнің арынға тәуелділігі өте күрделі. Егер кіреберістегі арын 30 кПа-ға дейін өссе, өтім 0,6-0,2 л/с-қа дейін кемиді. Арын өскен сайын, өтім де көбейеді. Бірақ өсу қарқыны тесіктің диаметрі кішірейген сайын азаяды, тіптен өспей қалуы да мүмкін. Зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей төменгі тесіктің диаметрі жоғарғы тесік диаметріне қатынасы 0,16 болғанда, өтім толық тоқталады. Төменгі тесік ашық болса да, одан сұйық ақпайды. Бұл құбылысты «Гидравликалық тұйық» деп атайды, оны 1986 жылы профессор Ә.Әбдіраманов ашқан.

Гидравликалық соққы. Гидравликалық соққы деп, құбырдағы сұйықтың жергілікті үдеуінің көбеюінен болатын, қысымның күрт арту құбылысын айтады. Құбырда сұйық арынды қозғалып жатқан кезде, оның қозғалысын ысырманы жаба отырып лезде тоқтатса, сұйықтың кинетикалық энергиясының потенциалдық энергияға айналу салдарынан, құбырдағы қысым бірден артып кетеді. Бұл кезде, ысырмаға таяу жерде сұйық тоқтап, қысым бірінші кезекте, ысырма түбінен бастап көтеріледі. Сосын сұйықтың келесі қаббатарының тежелуіне байланысты қысым өсіп, үлкен жылдамдықпен толқын туғызып, құбырдың жоғарғы жағына қарай бет алады. Қысымның артуынан сұйық сығылып, құбырдың диаметрі үлкейеді, сұйық пен құбырдың бұл серпімді деформациясы жоғарылаған қысымның құбыр бойымен таралу жылдамдығындай жылдамдықпен жүзеге асады. Серпімді деформацияның таралу жылдамдығын, соққы толқынының таралу жылдамдығы деп атайды.

Каналдың гидравликалық ұтымды қимасы деп, өтім қимасының ауданы (ω) мен еңістігі (i) бірдей қималар ішінде, ең жоғарғы су өткізгіштік қабілеттісін айтады

Алмағайып тереңдік пен еңістік. Критикалық тереңдікті алғаш рет алмағайып тереңдік деп гидротехникаға енгізген профессор Ә.Әбдіраманов. Әрбір сөзге ғылыми тұрғыда дәл мағынасында аудару өте қиын мәселе болып табылады. Бұл тұрғыда критикалық тереңдіктің алмағайып деп аударылуы, сөздің өте дәл мағынасын береді. Арнадағы ең кіші энергияға дөп клетін тереңдік алмағайып тереңдік деп аталатыны белгілі. Бірақ бұл тереңдік арнадағы энергия өзгеруімен үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті алмағайып аталуы, бұл терминнің мағынсын аша түседі. Өз кезегінде берілген өтімді қиманың үлестік энергиясының ең төменгі мәніне сай бірқалыпты қозғалыста, өткізе алатын суаққыштың еңістігін алмағайып еңістік деп атайды.

Лай тұндырмайтын жылдамдық деп, одан әрі төмендесе, ағындағы тасындылар канал түбіне шөгетін жарамды орташа жылдамдықтың ең кіші мәнін айтады.

Шайып кетпейтін жылдамдық деп, одан әрі артып кетсе, канал арнасын жуып әкететін жарамды орташа жылдамдықтың ең үлкен мәнін айтады.

Ағыс бойымен су тереңдігі өсіп отыратын еркін бет сызығын тежелу қисығы дейді; ал ағыс бойымен су тереңдігі кеміп отыратын еркін бет сызығын түсу қисығы деп атайды.

Ағынның айнымалы қозғалысын есептегенде, оның еркін бетінің кескінін анықтау маңызды, өйткені ол ағынның барлық геометриялық және кинетикалық параметрлерін анықтауға мүмкіндік береді.

Гидравликалық шапшыма, қосақы тереңдіктер. Бұл терминнің шығуына профессор Ә.Әбдірамановтың еңбегі орасан болды. Қазақстан мемлекеті егемендік алған алғаш жылдары гидравликалық ырғыма деп аталып келгені белгілі. 1999 жылы Ә.Әбдіраманов жетілген гидравликалық шапшыманың теңдеуін шығарып, бұл терминді гидравликаға енгізді. Содан бері бұл терминнің орныққаны соншалық, міндетті түрде Әбдірамановтың гидравликалық шапшымаға арналған теңдеуі деген сөз қосарланып жүретін болды. Гидравликалық шапшыманың бастапқы тереңдігімен соңғы тереңдігі өзара байланысты, сондықтан оларды қосақы немесе байланысты тереңдіктер деп атайды. Қосақы тереңдіктердің айырмасын гидравликалық шапшыманың биіктігі дейді. Қосақы тереңдіктер арасы гидравликалық шапшыманың ұзындығын көрсетеді. Еңістігі үлкен арнадан ағып келе жатқан судың жылдамдығы төменгі еңістігі аз арнадағы ағынның жылдамдығынан анағұрлым артық, сондықтан жоғарғы ағын төменгі ағынға енгенде, ол өзінің көлденең қимасын ұлғайтып, орташа жылдамдығын азайтады. Бұл процесс жоғарыдан келген ағынның беттік сызығы төмендегі ағын су бетіне көтеріліп жеткенше жалғасады. Ал одан әрі, ағынның көлденең қимасы өзгермегенмен тереңдік бойынша жылдамдық кескіні қалыпты пішінге түскенше өзгереді. Төменгі бьефтегі судың гидростатикалық қысымы тікбұрышты үшбұрыш болғандықтан, дербес ақпалар, өздерінің кинетикалық энергияларының бір бөлігі потенциалдық энергияға айналғанша жоғары көтеріледі. Ағынның орташа жылдамдығының азаюына көлденең қиманың ұлғаюынан басқа, жоғарғы ағынды эжекциялау қабілетінің қарқындылығы да себеп болады деп түсіндіреді профессор Ә.Әбдіраманов.

Суұрма шұңқыр мен суұрма қабырға (водобойный колодец и водобойная стенка). Әдеттегі жағдайларда, гидравликалық шапшыманың төмен ығысуы арнаның түбін қазып кету қаупін туғызады. Шапшыманың төмен ығысуын болдырмау үшін суұрма шұңқырлар, суұрма қабырғалар және де басқа құрылғылар – кинетикалық энергияны бәсеңдеткіштер орнатылады. Бұл терминдерді гидротехника саласына алғаш рет енгізген профессор Ә.Әбдіраманов саналады.

Гидравликалық тығын. Гидроциклондық қондырғыларға гидроэлеватор біріктіріліп жасалатын кездерде болады. Егер гидроэлеваторға кіріп жатқан судың арыны едәуір болса, жоғарыдағы процесс гидроциклондық қондырғыда үзіліссіз жүріп жатады, бірақ құмды шаятын су көп кетіп қалуы мүмкін. Гидроэлеватордан шыққан құм қоспаның минигидроциклондағы сыртқы өстік ағынға қысымы жергілікті дәрежеде артып, қойылтқыш тесігінің сыртындағы атмосфералық қысымнан басым түседі. Осы тұста қойылтқыштағы құм қоспа сыртқа ытқиды, бірақ бәрі шығып кетпейді. Миникамерадағы құм үйіндісі азайып бара жатқанда, сыртқы өстік ағын қысымы кеми түселді де, орталық – өстік вакуум, тығыздығы азайған сұйықпен бірге конус ұшына қарай жылжиды. Бір мезетте, қойылтқыштың ішкі беті мен сыртқы бетінің қысымдары теңеліп, құмды қоспа қозғалысы кілт тоқтайды. Осы құбылысты гидравликалық тығын деп атайды. Осыдан бастап құм тасындысы қайтадан конус төбесіне үйіле бастайды. Процесс қайталанады. Бұл эффект Әбдіраманов эффектісі деп аталады.

Жоғарыда айтылып кеткен терминдер мен анықтамалар профессор Ә.Әбдірамановтың гидротехника саласына енгізген жаңа сөздерінің шамалысы ғана. Яғни оқулыққа енген жаңа мемлекеттік тілдегі терминдері. Сапалы да, ғылыми тұрғыда дәйекті терминдерді оқу процесіне енгізу, қазіргі уақыттағы мемлекеттік деңгейдегі мәселе болып табылады. Бұл жағынан профессор Ә.Әбдіраманов егемен Қазақстанның мемлекеттік тілде сапалы оқулықтар шығарып оқу үрдісіне ендірген алғашқы қарлығаштарының бірі.

Профессор Ә.Әбдіраманов «Гидроциклонды сорғы қондырғыларының гидравликасы» ғылыми мектебінің негізін салушы ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде гидротехника саласы ғылымының дамуына көп еңбек сіңірді. Осы ғалымның жетекшілігімен Дулати университеті «Су ресурстары» кафедрасында жас ғалымдарға өзіндік ғылыми мектептің қалыптасып дамуында ұрпақтастық үрдісі жалғасып келеді.

WhatsApp Image 2023 01 24 at 15.58.35

WhatsApp Image 2023 01 24 at 15.59.05

WhatsApp Image 2023 01 24 at 15.58.27

Рисунок2

С.Қ.Жолдасов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су ресурстары» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к.

М.Т.Байжигитова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су ресурстары» кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистры

Top