Сан ғасырлық тарихы бар бұл мейрамның тағылымы мол, берер тәрбиесі көп, алар өнегесі ерекше. Бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достың пен татулықтың мерекесі саналатын Наурыздың астарында үлкен мән жатыр. Ежелден, ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүрге сәйкес ренжісіп жүргендері болса өкпе-назын ұмытып татуласады, кешірім сұрасады. Ұлттық ойындар өткізіп, ән айтып, би билеп мерекелегеннен бөлек даланы күл-қоқыстан арылтады, ағаш отырғызады, гүл егеді. Бұл күні тұрғындар бұлақ, бастау, су қоймасы мен құдықтардың бетін ашып, тазартады.
Тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз жылдан-жылға жаңғырып келе жатыр. Оған дәлел ретінде "Таза табиғат" жобасын жүзеге асыруды, экологиялық бастамалардың жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналуы шарт екеніндігін, осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуді ұсынған Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: "Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл - ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы", -деген сөзі құптарлық іс!
Президенттің бастамасын қолдау мақсатында Дулати университеті, "Су шаруашылығы, экология және құрылыс" институты, "Өмір тіршілік қауіпсіздігі" кафедрасының оқытушылары және студент жастары Тараз қаласы, 15-мөлтек ауданының аймағында көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Шағын аудан аймағындағы арықтың бойын тазалап, жиегін қоқыстардан арылтуға өз үлестерін қосты. Университетте білім алуды парыз санайтын студенттеріміз, игілікті шараға белсене қатысып, табиғаттың тазаруына аз да болса өз септіктерін тигізгеніне қуаныштарын білдірді.