Жоғары оқу орнын бітіруші әрбір түлектің алдында – жақсы, беделді жұмыс табу бүгінде өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Жұмыс іздеп, кәсіпорындар мен мекемелерге бару көп уақытты талап етеді және де жас мамандарды бос орындарға жұмысқа орналастыратын ұйымдар мен мекемелердің басшыларының қабылдауында болудың өзі өте қиын мәселе. Сол себептен, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу мәселелерін жеңілдету мақсатында наурыз айының 3-і күні «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» институтының ұйымдастырумен, онлайн форматта «Жас маман-2021» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің басты мақсаты-«Болашақ мамандарға өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыс берушілердің жас, талантты және бәсекеге сай кәсіби мамандарды жұмысқа шақыруына мүмкіндік беру.
Биылғы оқу жылында «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» институтын 15 мамандық бойынша 276 түлек бітіргелі отыр. Бітірушілерді жұмысқа орналастыру үшін бос орындарды анықтау мақсатында «Карьера және бизнес серіктестік» бөлімі, Тараз қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығының» басшылығымен «Жас маман – 2021» жәрмеңкесі барысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын түсіндіріп, жұмыс берушілер бітіруші түлектерді бос орындар және қазіргі еңбек нарығында қажетті мамандарға қойылатын талаптар мен жас мамандарды жұмысқа қабылдау ережелерімен таныстырды. Жүргізілген іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің «Жер қатынастары басқармасы», Жамбыл облысы, экология департаментінің «Аналитикалық зерттеу», «Kingdom Проект» ЖШС, Жамбыл облысы, Байзақ аудандықфилиалының «Республикалық фитосанитарлық диагностика жәнеболжамдар әдістемелік орталығы», «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының және т.б. көптеген мекемелердің өкілдері қатысты.
Елбасымыздың Жолдауында «Жастар – біздің болашағымыздың негізі, сондықтан олар өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді» делінген.
«Жас маман – 2021» жәрмеңкесі көмегімен институт түлектері бітіретін мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, Қазақстанның өркендеуіне, экономикамыздың өрлеуіне өз үлестерін қосатыны анық.