ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ №5 ОРТА МЕКТЕПТЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ РӘСІМІ ӨТКІЗІЛДІ

Жамбыл атындағы №5 орта мектеп – Тараз қаласындағы бұрыннан келе жатқан, қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар, білім беру деңгейі жоғары, мұғалімдерінің біліктілігі заман талабына сай оқу орны болып табылады. Мектеп ұжымы өз түлектерін ересек өмірге аттандыратын соңғы қоңырауға орай өткізілетін салтанатты жиынға әрқашан да аса үлкен жауапкершілікпен дайындалып, жоғары деңгейде өткізеді. Сонымен қатар, мектепте соңғы қоңырауға байланысты өткізілетін салтанатты жиынға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті оқытушыларының ылғи қатысып отыруы игі дәстүрге айналған.

Салтанатты жиынға қатысатын университет оқытушылары мектепте кәсіби бағдар жұмысын жүргізу аясында мектеп түлектерін университетте дайындалатын мамандықтар бойынша білім алуға, сол үшін университетке оқуға түсуге шақыратын. Жалпы, университетімізде Жамбыл атындағы мектептің түлектері көп жылдардан бері үздіксіз оқып келеді және ол мектеп пен университет арасындағы тығыз байланыстың нәтижесі деп айтуға болады.

Көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр бойынша, Жамбыл атындағы мектептегі  кәсіби бағдар жұмысын Экономика және құқық факультетінің философия және саясаттану кафедрасы жүргізеді. Міне, биыл да философия және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы Жамбыл атындағы мектепте соңғы қоңырауға байланысты өткізілген салтанатты жиынға университет атынан қатысты. Салтанатты жиын оған қатысушылардың Қазақстан Республикасының Гимнін тұрып тыңдауынан басталды. Одан кейін салтанатты жиынды мектеп директоры Салтанат Ержігітқызы Төлеу бастап берді. Ол мектеп бітіріп жатқан түлектерге алдағы бастап отырған ересек өмірлерінде табысты болып, жоғары оқу орындарына түсіп кетулеріне тілек білдірді. Келесі сөз кезегін алған Жамбыл мектебін көп жыл басқарған бұрынғы директоры Нүркен Нұрмағанбетқызы Қасымова мектеп түлектеріне осы мектепте оқып, білім алғандарына мақтаныш сезімінде болып, Жамбыл мектебінің түлегі деген атқа лайық болуға шақырды. Ол сонымен қатар мектеп түлектерінің алған білімдерін өз елінің игілігіне жұмсау қажет екендігі жайлы айтты.

Сөз кезегі берілген аға оқытушы Режеп Оразбайұлы Баярисов оқушыларды мектеп бітірулерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта өмірлік азық болатын кәсіби білім алу қажеттігін  айтты. Ол үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне оқуға түсуге шақырды. Университетте білікті мамандар білім беретіндігін, қазіргі заманда қажетті көптеген мамандықтар дайындалатындығын айта келіп, Жамбыл мектебінің көп түлектері университетте білім алудың арқасында тамаша табыстарға жетіп жатқандығын тілге тиек етті. Өз ойын қорытындылай келе, Режеп Оразбайұлы Жамбыл мектебінің түлектеріне Дулати университетінің есігі әрқашан да ашық екендігін айтып, сөзін аяқтады. Содан кейін мектеп түлектері өздерінің ұстаздарына арнап дайындаған ізгі тілектері мен концерттік бағдарламаларын көрсетті. Олар айтқан шынайы ізгі тілектері мен айтқан өлеңдері өте әсерлі шығып, ұстаздарын толқыныс сезіміне бөледі. Қорыта айтқанда, Жамбыл атындағы мектептегі соңғы қоңырауға байланысты өткізілген салтанатты жиын өте әсерлі, қызықты әрі мазмұнды болды. Енді оларды келесі оқу жылында университет қабырғасында күтеміз!

Баярисов Р.У. Соңғы қоңырау. Мақала

 

Top