16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Мәдениет және өнер» кафедрасының бастауымен «Желтоқсан ұшқыны» желтоқсан қозғалысының ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Жамбыл облысы «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестік ұжымының төреғасы Талғат Кеншінбеков, орынбасары Сакен Мырзабай және Ержан Есімқұлов, Жарылқасын Өнетаев, Жеңісбек Қалмұрзаев, Ержан Сатыбалдиев, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кездесу мақсаты – жас ұрпақтың тарихқа деген ұлттық көзқарастарын қалыптастырып, егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу. Желтоқсанда мерт болған қазақ қыздары мен жігіттерінің рухына, ерлігіне тағзым жасап, естеліктермен бөлісу.
«Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Қабиева құттықтау сөз алып, жастарға тәуелсіздіктің қымбат екенін, кешегі ерлікпен көз жұмған Қайрат, Ербол, Сәбира сияқты тұлғалар мәңгі ұмытылмайтынын, олардың рухына тағзым ету жастардың парызы екенін тілге тиек етті. Кездесуге арнайы келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, естелік сыйлықтарды табыстады.
Жамбыл облысы «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестік ұжымының төреғасы Талғат Кеншінбеков сөз алып, халқымыз бостандықты аңсап, тәуелсіздікке зарығып жеткені тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны жайлы сөз қозғады. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болғанын баса айтты. Сондай-ақ, Айгүл Қабиқызына Жамбыл облысы «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігінің куәлігі мен төсбелгісін табыстады.
Кездесуде ардагерлер жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісіп, тағылымды, жастарға ой саларлық тарих парақтарынан сыр шерту арқылы тарихи шындықты қайта түлетті. Ұлттық рух, тіл, тарих пен намыс мәселесін кеңінен қозғап, өскелең ұрпаққа құндылық етер дүниелерді жіктеп берді. Желтоқсан шындығын, жастардың алаңға қалай, қандай мақсатпен шыққанына тоқталып, ой бөлісті.
Кездесу соңында білімгерлер желтоқсан көтерлісі туралы еркін форматта сауалдарын қойып, тәуелсіздігімізге ықпал еткен ардагерлерге алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.