Дулати университетінде ұстаздарға арналған «Педагогикалық білім: проблемалар, перспективалар» атты шетелдік ғалымның біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды.
Курсты Мирзо Ұлықбек атындағы Ұлттық университеттің п.ғ.к., профессор, «Педагогикалық білім» кафедрасының меңгерушісі Фархад Бабашев жүргізді.
Курстың мақсаты – заманауи білім беру теориясы мен практикасындағы өзекті мәселелер мен перспективалық бағыттарды талқылау.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы Фархад Бабашевпен педагогикалық білім берудегі мәселелер, оны шешу жолдары, болашақтағы стратегиялық жоспарлар, бағдарламалар мен концепциялар туралы пікір алмасып, тәжірибесімен бөлісті.
Курс барысында «Оқытудың заманауи әдістері», «Педагогикалық технологиялар білім беруді арттыру құралы ретінде», «Педагогтың цифрлық портфолиосы» атты шебер-сыныптар көрсетілді. Сонымен қатар, №1 А.Бөкейханов атындағы мектеп-гимназиясының ұстаздарына «Қазіргі оқытудың негізгі бағыттары», №41 «Айналайын» бөбекжай-бақшасы тәрбиешілеріне «Мектепке дейінгі тәрбиенің өзекті мәселелері» атты семинар-практикумдар ұйымдастырылды.
Қонағымыз бас ғимаратта орналасқан мұражайда М.Х.Дулатидің шығармашылығымен танысып, әйгілі тарихшының жәдігерлері мен қоғамдық қызметін сипаттайтын мұрағат құжаттар, тарихи фотосуреттер, сирек басылымдарына қызығушылық танытты. Сондай-ақ. Дулати ұжымының қонақжайлығы мен жылы қабылдауына алғыстарын білдіріп, білім ордасы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.