М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Тұрар Рысқұловтың 130 жылдық мерейтойына орай «Ұлық Тұлға» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция шымылдығы Т.Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. Рәсімге Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Ғылым мен технология жөніндегі Ұлттық Кеңестің мүшесі Оразалы Сәбден, Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлер қатысты. Гүл қою рәсімінен кейін көрнекті тұлғаға құрмет көрсету мақсатында Қазақстан Републикасы Орталық мемлекеттік архивінің «Тұрар Рысқұлов тұлғасы – архив құжаттарында» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеде Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауылшаруашылық училищесінде және достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары, 1921 жылы даярлаған «Ұлт мәселесі жөніндегі» атақты тезистері қойылды.
Тұрар Рысқұловтың өмірі мен ғылыми ізденістерін жан-жақты зерттеуге арналған салтанатты жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, еліміздің әр аймағынан арнайы келген тарихшылар мен белгілі ғалымдар, оқу ордамыздың профессор оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Ербол Шырақпайұлы жиынды құттықтау сөзбен ашып, ұлт азаттығы жолында құрбан болған халқымыздың асыл перзентінің рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы екенін жеткізді.
Мәлік Нұржанұлы құттықтау сөз алып, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолдары мен көрнекті ерен еңбектері ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің зор, рухани құндылықтарымыздың берік көрінісі екенін сөз етті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатын оқып, сәлемдемесін жеткізді.
Университет ректоры Мұхтар Қазбекұлы: Қазақстанның тәуелсіздік идеясының негізін қалаушылардың бірі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани біртұтастықты сақтауға елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың қазақ тарихында алар орны ерекше, - екенін айтып, жастардың үлгі алар тұлға тұлғасы екенін сөз етті. Салтанатты жиынға арнайы келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, естелік сыйлықтарды табыстады.
Басқосуда Қазақстанға танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері баяндама жасап, тұшымды ойларымен бөлісті.
Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Ғылым мен технология жөніндегі Ұлттық Кеңестің мүшесі Оразалы Сәбден «Тұрар Рысқұлов – әлемдік тұлға» тақырыбында баяндама жасаса, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Доолотбек Сапаралиев «Тұрар Рысқұлов жаңа Қырғыз Автономдық Советтік Социалистік Республикасы» тақырыбында өзіндік ой-пікірімен бөлісті.Тұрартанушы – ғалым, Қоғам қайраткері Мұхтар Қазыбек «Түрік халқының ұлы перзенті.Ұлықтауға лайық ұлы тұлға» тақырыбына тоқталып, Ақын, жазушы, т.ғ.к., Моңғолияның мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахметұлы «Т. Рысқұловтың Моңғолиядағы қоғамдық-саяси қызметі» тақырыбы аясында баяндама жасады. Ал, журналист, тұрартанушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жәпек Мейрамхан «Түріксіб және Рысқұлов публицистикасы» тақырыбында баяндама жасап, өз ойын ортаға салды.
Модератор – ҚР ОМА-нің директоры, т.ғ.к.Сабит Шілдебайсөз алып, ХХ ғасырдың басында Орта Азия халықтары ішінен алғаш болып әйгілі Кремльдің төрінен орын алған Тұрар Рысқұлов ел тағдыры үшін күресіп, аласапыран заманда қазақ қоғамының әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін аянбай еңбек еткен тұлға ретінде халық жүрегінде мәңгі есте қалатыны жайлы ерекше тебіреніспен жеткізді.
Конференция соңында ұлы тұлғаның шығармашылық және ғылыми мұрасына жан-жақты талдау жасалып, еңбектерін әрі қарай терең зерттеу қажеттіліктері жайлы сөз қозғалды. Қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, еліміздің даму жолындағы қарқынды жұмыстардың жалғасын табатындығымен қорытындыланды.