Дулати университетінің қабырғасында «Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың маңызы» атты студенттермен кездесу өтті.
Әлеуметтік жұмыс басқармасы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті және «Жаратылыстану ғылымдары» факультеті ұйымдастырумен өткен кездесуде қатысушылар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық түрлері мен орын алған құқық бұзушылықтар үшін заңнамаларда көзделген жауапкершілік түрлері туралы айтылып, сыбайлас жемқорлықтың қоғам өмірінің түрлі салаларына тигізетін кері әсері туралы мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев сөз алып, «Жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін фактор. Бұл қоғамдық дерттің алдын алу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру өте маңызды» екенін атап өтіп, жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылып жүрген шаралар туралы айтты.
«Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңмен бекітілген. Соның аясында қоғам сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда» ,- деді «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің деканы, доцент Тасуов Болат.
Кездесу соңында спикерлермен еркін форматта пікір алмасып, студенттердің сұрақтарына жауап берілді.
Егер сізге, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы белгілі болса, онда тәулік бойы жұмыс істейтін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 номеріне хабарласа алатыныңызды есіңізге саламыз!