Университет қабырғасында Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұмановпен ардагерлер кеңесінің жылдық есеп беру жиыны өтті.
Кездесуге Жамбыл облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Малтабар Жаманбаев, университеттің ардагер профессор-оқытушылар құрамы және ардагерлер қозғалысының белсенділері қатысты.
Модератор ардагерлер кеңесінің төреғасы, профессор, техника ғылымдарының докторы Сағатбек Мырзашев сөз алып, ардагерлердің есепті мерзімде атқарылған жылдық іс-шараларымен, қоғамдық жұмыстарын таныстыру мақсатында баяндама жасады. Ардагерлер жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ерекше үлес қосқанын және осы мақсатта университет басшылығынан барлық қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Қоғамдық, саяси, рухани, мәдени салаларының қай-қайсының өркен жаюына білек сыбана кірісіп, белсенділік танытып жүрген ардагерлер кеңесінің мүшелері екенін тілге тиек етті.
Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов тарихтың көзi, Тәуелсіз еліміздің іргетасын адал еңбекпен қалаған – ақ сақалды ағаларымыз бен ақ жаулықты аналар екенін жеткізді. Ардагерлердің жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыруға, елiмiздегi тұрақтылық пен татулықтың, этносаралық келiсiмнiң нығаюына қосып жатқан үлесi зор екенін айтып,алғысын білдірді. Шаһардағы бірде-бір саяси, экономикалық, мәдени-көпшілік, әлеуметтік, халықтық, мемлекеттік ірілі-ұсақты шаралар ардагерлер кеңесінің қатысуынсыз өтпейтінін атап өтті.
Жиын барысында жылды қорытындылап, жаңа жоспарлар жиынтығы талқыланды. Кеңестің жұмысын жандандыру үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі төңірегінде жиналған жұртшылық ұтымды ұсыныстар мен пайымды пікірлерімен бөлісті.