1 қыркүйек - Білім күніне орай, «Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің ұйымдастыруымен «Қош келдің, студент» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы және университет табалдырығын аттаған студенттер қатысты.
Концертті Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы құттықтау сөзбен ашып, оқу ордамыз жас ұрпақтың бойындағы тұлғалық қасиеттерді ұштап, білім мен тәжірибелерді игеруге, достық қарым-қатынастың қалыптасуына мүмкіндік беретін бірегей білім алаңы екенін жеткізіп, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
Мерекелік жиын барысында кеш қонақтарының назарына мерекелік бағдарлама ұсынылды. Көрермендер би қойылымдарына жоғары бағасын беріп, шын көңілмен қошеметтеп отырды. Сонымен қатар, «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі, доцент Куляндам Джолчибекова француз әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
«Филология және гуманитарлық ғылымдар» факультетінің деканы Гүлнұр Исабекова сөз алып, студенттер мен оқытушыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, «жаңа толқынға» бағыт-бағдар берді.
Сондай-ақ, «North China Electric Power University» атты Қытай университетінен келген профессор Сяо Фен факультет студенттерін академиялық ұтқырлық бойынша өз университетіне шақырып, білімді тереңдетуге және ғылымды дамытуға арналған мүмкіндік екенін жеткізді.
Кеш соңында факультеттер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, бірінші курс студенттері кампусты аралады.