ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КІТАП ЖӘНЕ АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ КҮНІ

«23 сәуір - Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» мерекесіне орай, кітапханалық-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «Ғылым айы-2024» атты қорытынды іс-шарасы өтті.

Шараның мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы жайлы сөз қозғап, жас буынды жаңа авторлар және олардың туындыларымен таныстыру. 

Кездесуді Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, рухани құндылықтың маңыздылығына тоқталды: «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін мерекелеумен, еліміздегі адами капиталды сақтау мен арттырудағы кітаптың маңызды рөлін мойындаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқуға айрықша көңіл бөліп келеді. Ағымдағы жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп кітаптың маңыздылығын баса айтты. Сондықтан, жастар арасында кітап оқудың артықшылығын барынша насихаттауымыз керек,- деп көпшілікті кітап оқуға шақырды.

Шара аясында кітап баспаларының көрме-жәрмеңкесі өтіп, онда «Эпиграф», «Кemel kitap», «LANTAR BOOKS», «Qasym» сынды отандық баспа мекемелері мен кітап дүкендері қатысып, келушілерге өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңке барысында келушілер кітап сатып алып қана қоймай,  кейбір шығармалардың авторларымен кездесіп, ой бөлісіп,  қолтаңба алып жатты. Жәрмеңке кезінде баспагерлер мен осы сала мамандары кітап саудасы мен осы салаға қатысты басқа да өзекті мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салды. 

«Ғылым&Ғалым:Өнегелі өмір» тақырыбында профессор Клара Бұзаубақовамен кездесу-бенефисімен шара өз жалғасын тапты. Еркін форматта өткен сыр-сұхбатты ф.ғ.к., доцент Темірбай Мұқашев жүргізіп отырды. Ғалыммен әңгіме өрбіту мақсатында өткен кездесуге  Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов, баспа өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Өнегелі өмірін ғылым мен білімге арнаған ғалым Клара Бұзаубақова студенттік шақтың әдемі естеліктерімен, ғылым жолындағы ізденістері, отбасылық өмірі және ғылыми еңбектері туралы айтып өтті. Кездесу барысында студенттер ғалымға сұрақтар қойып, әсерлі  әңгіме өрбітті. Клара Бұзаубақова үш тілде жазылған «Қазақстан Республикасында қашықтықтан оқыту жағдайында болашақ педагогтердің цифрлы-құзіреттіліктерін қалыптастырудың теориясы мен практикасы» атты монографиясын университет кітапханасына сыйға тартты.

Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов ғалымға жүрекжарды  тілегін айтып, естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, «#Қазіргі тренд-кітап оқу!» бейнеролик байқауының жеңімпаздары мен Ғылым күніне арналған «Қазақстан ғалымдары», «Бұл қалай аталады?» зияткерлік викториналардың жеңімпаздарын және «Ең көп оқылатын кітап авторы-2024» номинациясы бойынша жеңімпаздарды алғысхат және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Баспа өкілдеріне және шақырылған қонақтарға да алғысхаттар тапсырылды.

Сондай-ақ, Университет түлегі, «Алдай көрме сен мені» жыр жинағының авторы, Республикалық «Алтын Тобылғы» әдеби байқауының Гран-При иегері, Мемлекеттік БАҚ және тіл байқауының жеңімпазы, Жамбыл облыстық "АR-AI" жастар газетінің тілшісі, ақын Шапағат Әбдірмен кездесу өтті.

Кездесуде Шапағат Әбдірдің шығармашылығы турасында кеңінен әңгіме қозғалып, автор жастар тарапынан  қойылған сұрақтарға жауап берді. Болашақ жас жазушылар мен журналистер көкейлерінде жүрген «өз талантын қалай ашуға болады және қалай жазу керек» деген сұрақтарына жауап алды. «Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні» қарсаңында студент жастармен кездесу ерекше әсер қалдырды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылыми әлеуеті зор. Әлемдік деңгейдегі білім ордасында шығармашылық кездесу өткізу мен үшін үлкен мәртебе», - деді Шапағат Әбдір.

Шара соңында кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Жеңісбекқызы келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал және білім мен тәрбие көзі екенін жеткізді.

кытап1111

кытап2222

кытап33333

кытап4444

кытааппп7777

 

 

Прочитано 774 раз
Top