ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «МАМАНДЫҒЫМ-БОЛАШАҒЫМ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Мамандығым – болашағым» өңірлік жобалық кеңсесінің ашылу салтанаты өтті.«Мамандығым – Болашағым» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен қабылданған «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда.

Негізгі мақсаты – аймақтағы еңбек нарығындағы өзгерістерді болжау және студенттерге ерте кәсіптік бағдар беру.

Кеңсенің тұсаукесерін онлайн форматта Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасады. Ведомство басшысы білім беру жүйесін кадрлық қажеттіліктерге нақты бағдарлау мақсатында форсайт-зерттеулер жүргізудің, кадрларға өңірлік қажеттілік карталарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, кадрларды даярлаудың өңірлік жүйесін жергілікті сұраныспен байланыстыру, университетте ғылымды дамыту, жастарды ғылымға тарту, жоғары білім беруді интернационалдандыру және цифрлық экожүйені қалыптастыру қажеттілігіне тоқталды.

Іс-шараға Жамбыл облысының білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов, «Мамандығым-болашағым» бағдарламасы жобалар тобының жетекшісі Олжас Сәкенов, Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы жобалық кеңсесінің өкілдері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов  жобаның маңыздылығына тоқталып, Дулати университеті Жамбыл облысын қажетті кадрлармен қамтамасыз ететін жетекші оқу орны екенін атап өтіп, қатысушыларға жаңа қажетті дағдыларды игеруге сәттілік тіледі.

«Мамандығым-болашағым» жобасы шеңберінде университет қызметкерлері 5 күн бойы интенсивті режимде форсайттық зерттеу әдістемесі бойынша сертификаттау курсынан өтеді. Тренинг нәтижелері бойынша университет қызметкерлері аймақтық жобалық кеңсе командасына қосылып, Жамбыл облысының кадр қажеттілігінің өңірлік картасын жасауға бағытталған аймақтағы негізгі сала мамандарының қатысуымен форсайттық зерттеу жүргізеді.

Қазіргі таңда «Мамандығым-болашағым» жобасы еліміздің 16 өңірінде жүзеге асырылуда. Павлодар, Маңғыстау, Қарағанды облыстары және Алматы мен Астана қалалары өңірлік кадрларға қажеттілік картасын әзірлеуді аяқтап, осы өңірлердің басым секторларының қатарынан келешегі бар кәсіптерді анықтады. Сондай-ақ оқушылардың кәсіби диагностикасы жүргізілді, нәтижесі бойынша оқушылар өздерінің бейіні мен кәсіби қызметте жүзеге асыру мүмкіндіктерін анықтады.

оку111

оку2222

 

 

Прочитано 546 раз
Top