Үстіміздегі жылы Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға депортацияланғанына 80 жыл толды. Осыған орай Қызылордада Достық үйінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды іс-шараға ғалымдар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін көрген жандар мен олардың ұрпақтары келіп, зұлмат жылдардың оқиғаларына байланысты түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітті.
Мұнан соң республикалық «Күштеп қоныс аударылған азаматтар Қазақстанда өздерінің екінші Отанын тапты» тақырыбында М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Дулатитану және Өңір тарихы ғылыми-зерттеу орталығының басшысы т.ғ.к. профессор Сейдехан Бахторазов, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің тең төрағасы Ахмет Мурадов онлайн байланыс арқылы, республикалық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аскер Пириев, «Шешендердің Қызылорда облысына қоныстану тарихы» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Айтжан Оразбақов ғылыми баяндамалар жасады. Баяндамашылар Қазақстанға 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтарының депортациялау мәселелерін талдап, жер аударылған халықтардың тарихын зерделеудегі жаңа тәсілдер қарастырылып, зерттеушілер оның көптеген саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, философиялық, адамгершілік аспектілерін қарастыруға мүмкіндік алды.