Дулати университетінде «Толық адам ілімі» залы ашылды

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Толық адам ілімі» залы ашылып, «Заманауи білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері: жаңаша көзқарас пен парадигмалар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ұйымдастыру комитеті: «Филология және гуманитарлық ғылымдар факультеті»,«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абайдың "Кемел адам" тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет» деген болатын. Президент сөзін негізге алған университет ұжымы аталмыш залды ашып, халықаралық конференцияны ұйымдастырып отыр.

Конференцияға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары, алыс-жақын шетелдік ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, жас ғалымдар және мектеп мұғалімдері қатысты.

Жиынды Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып,тақырыптың өзектілігіне, рухани құндылықтың маңыздылығына тоқталды. Заман ағымына сай әр салада өзгеріс барын айтып, білім саласы да қарыштап күннен күнге дамып жатқанын тілге тиек етті. Жаңашылдықтан қол үзіп қалуға болмайтынын, ізденіс пен талпыныстың арқасында алға ұмтылу керегін айтқан ректор ғылымды игеру арқылы бәсекеге қабілетті болатынымызды жеткізді. Өз сөзінде Дулати университетінің жетістіктеріне де тоқталып өтті. Қосдипломды білім беру, шетелдік оқу орындарымен әріптестік қатынас, Д.И. Менделеев атындағы РХТУ өкілдігінің ашылуы сынды табысты бастамаларға тоқталды. Жамбыл облысы әкімі аппаратының жетекшісі Лесбек Ілебаев «Толық адам ілімі» залының ашылуымен құттықтап, конференция тақырыбына орай өз ойын білдірді. Бүгінгі таңда білімді жастарға үлкен қолдау барын айтып, креативті ойлайтын, батыл әрекет ететін жастардың көп болғаны жетістікке жетелейтінін айтты. Сондай-ақ, жақсы өзгерісті қаласақ әр адам өзінен бастау керегін де еске сала отырып, жастарды тынбай еңбектенуге шақырды.

«Аманат» партиясының облыс филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов аталмыш жиынның тарихи маңыздылығына тоқталып, білім мен рухани құндылықтың қабысып, байланысып жатқанын айтты. Озық елдердің қатарынан орын алу тынымсыз еңбекті қажет ететінін жеткізді.

Халықаралық конференция ғалымдардың, ұстаздардың баяндамасымен жалғасын тапты. Назарбаев университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жазира Ағабекова «Гуманитарлық білім берудің заманауи бағыттары» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында пәнаралық интеграция, жаһандық перспективалар мен келісімдер, сыни тұрғыдан ойлау және проблемаларды шешу мәселелеріне жеке тоқталып, анықтамасын берді.

Өзбекстан елінен келген ғалым PhD доктор, Әдебиет, өнер, мәдениет және әлеуметтік ғылымдар халықаралық академиясының академигі Жармухаммет Мадалиев «Өзбек және қазақ әдеби байланыстары» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ және өзбек халқының тамырлас ел екенін толғана жеткізіп, қос елдің әдебиет өкілдерінен мысалдар келтіріп, туындыларын оқыды. Алдағы уақытта бауырлас елдер арасындағы байланыс нығая беретініне сенім білдірді.

Корея елінің ғалымы доктор Lee Sagng Soo Корея елінің мәдениеті турасында презентация жасады. «Корей толқыны» фильмдер, сериалдар мен мәдени туындылар арқылы елдің қарыштап дамығанын мысалға келтіре отырып, Корей елін әлем танығанын мақтанышпен айтты.

Дулати университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова «Қазіргі білім берудегі негізгі мәселелер: жаңаша көзқарас және парадигмалар» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ғалым қазіргі таңдағы ғылым методологиясындағы негізгі ұғымдардың бірі – «парадигма» сөзіне тоқталып, мағынасын ашып берді.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы Астана қаласындағы Халықаралық мектептің бастауыш сынып бағдарламалары координаторы Мирас Үйсінбаев «Концептуалды оқытудың артықшылықтары» тақырыбында презентация жасап, баяндамасын оқыды. Ұстаз дәстүрлі білім беру жүйесі мен концептуалды оқытуды салыстыра отырып, жаңа жүйенің озық тұстарын мысалдар арқылы келтірді. Оқушы тақырыпты түсініп, мұғалімге қайта айтып беру бүгінгі таңда аздық ететінін айтқан жаңашыл ұстаз, тақырыпты тереңнен түйсініп, себеп-салдарын ұғынып, салыстыра отырып, өз көзқарасын білдіруге дағдылану керегін жеткізді.

Халықаралық конференцияға ғалымдар онлайн арқылы да байланысқа шығып, баяндама жасады.  Тақырып төңірегінде ойларын ортаға салды. Еліміздің ЖОО қатар, Түркия елінен де ғалымдар онлайн арқылы қатысты. Сонымен қатар, мектеп ұстаздары да түрлі тақырыпта онлайн, оффлайн форматта баяндама жасады.

«Заманауи білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері: жаңаша көзқарас пен парадигмалар» атты Халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция «Тіл және әдебиет», «Білім беру әдістері мен технологиялары», «Тарих және география», «Мәдениет» секциялары бойынша пленарлық отырыспен жалғасын тапты.

конференция Абая 1

конференция Абая 2

конференция Абая 3

конференция Абая 4

конференция Абая 5

 

 

Прочитано 535 раз
Top