ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ РХТУ ӨКІЛДІГІ АШЫЛДЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің өкілдігі ашылды.

Ашылу салтанатына қала әкімі Бақытжан Орынбеков, РХТУ ректорының м.а. Илья Воротынцев, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Пак Евгений, РФ Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова, Дулати университеті ректорының м.а. Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан  Есімова және университеттің профессор-оқытушылар құрамы, БАҚ өкілдері . қатысты.

Университет базасында ашылған өкілдік туралы ақпарат беру мақсатында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз брифингі ұйымдастырылды. Д.И. Менделеев атындағы  РХТУ ректоры  Илья Воротынцев желілік білім беру бағдарламасының іске асырылуы және  РХТУ өкілдігінің жұмыс жоспары туралы баяндап берді.  Дулати университеті ректорының м.а. Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова «Менделеев сыныптары» жобасының барысы туралы хабардар етті. Өз сөзінде білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты дамытудың, химия саласында жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында Қазақстанда РХТУ филиалын ашу жөніндегі бастаманың маңыздылығын атап өтті.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков университет базасында РХТУ өкілдігінің ашылуы химия саласын өркендетуге бастайтын басты қадамның бірі екеніне тоқталды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін елімізде шетелдік жетекші университеттердің кемінде бес филиалын ашу туралы тапсырмасын айта отырып,  бұл бастама Президент тапсырмасын орындауға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесі екенін тілге тиек етті. Өз сөзінде еліміздің химиялық кластерін ұйымдастыру үшін Жамбыл облысын таңдау кездейсоқ емес екенін, өңірде минералдық шикізаттың ірі қоры барын атап өтті. Өндірістің қарқынын арттыру үшін жоғары білікті инженерлік, техникалық кадрларды даярлаудың маңызын баса айтты.

"Қазфосфат" ЖШС бас директоры Пак Евгений РХТУ базасындағы "Қазфосфат" қызметкерлері үшін қосымша кәсіптік білім беру бағдарламасымен таныстырды. Сондай-ақ, үшжақты келісім нәтижесінде атқарылған жұмыстар  өзінің оң нәтижесін береріне сенім білдірді.

Ресей Федерациясының Президенті жанындағы ғылым және білім саласындағы жастар ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Александра Глазкова кадрлық әлеуетті одан әрі дамыту, жобаның нәтижелері мен даму жоспарлары туралы баяндады.

Дулати университеті, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетімен және «Қазфосфат» ЖШС бірлесіп 2023 жылы 19 қаңтарда білім және ғылым саласындағы қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды.

ТМД-да алғаш рет («2+1+1» форматында) бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша желілік кампус жобасы іске қосылды. Онда екі жыл Дулати университетінде, үшінші курс РХТУ-да (Мәскеу қ.) және төртінші курс  «Қазфосфат» ЖШС оқиды. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Дулати университетінің 7 студенті осы бағдарлама бойынша РХТУ-да білім алуда.

2023 жылы мамырда Алматы қаласында өткен РФ мен ҚР білім және ғылым жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысында 2024 жылы қыркүйектен бастап Тараз қаласында РХТУ филиалын ашу туралы шешім қабылданды. Аталмыш бастама аясында РХТУ филиалын ашу бойынша бірлескен жол картасы әзірленді.

2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Тараз қаласында Д.И. Менделеев атындағы РХТУ филиалы өз жұмысын бастайды. Алда  химия саласында  ғылыми-технологиялық және өндірістік міндеттерді шешуге қабілетті халықаралық білім беру стандарттары деңгейінде мамандар мен ғылыми кадрларды даярлау міндеті тұр.  Химия және химиялық технология саласында іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарда бар.

1

3

4

5

Дулати университетінің баспасөз қызметі

Прочитано 677 раз
Top