Небраска университетінің профессоры Дулати ғалымдарымен бірігіп, су құрамын зерттеуде.
Дулати университетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасы АҚШ университеттерімен байланыс орнатуды қолға алып отыр. Осы орайда университетке Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Дэниел Дэвидсон Сноу шақырылды. Профессор Дэниел Сноу университетіміздің ғалымдарымен тұрақты түрде бірлескен жобалар аясында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні екі жақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқылануда.
PhD Daniel Snow Дулати студенттеріне дәріс оқып, зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, оқытушылармен де бірігіп ғылыми жұмысты қолға алған. Профессор Небраска университеті Су ғылымдары зертханасының директоры. Ол судың қалай ластанатынын және оның алдын алу үшін не істей алатынымызды түсіну мақсатында талдамалық химияны пайдаланып зерттеу жүргізеді. «Су сапасын жақсарту үшін не істеу керек?» деген сауалдың жауабын тынымсыз зерттеген ғалым магистранттар мен аспиранттарға тәлімгер ретінде кеңес береді.
Бүгінде ғалым Химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Маржан Қалмахановамен бірлесіп бірнеше жоба бойынша жұмысты бастап кетті. Жобалардың бірі АҚШ білім министрлігі тарапынан қаржыландырылады деп күтілуде. Нәтижесінде сол елдің докторанттары мен магистранттары университетімізге келіп, судың химиялық құрамын зерттеу бағытында жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасатын болады. PhD Daniel Snow мен Маржан Қалмаханова Аса ауылы маңындағы тұрмыстық қалдықтан жиылған судың құрамын анықтау мақсатында үш ай көлемінде эксперимент жүргізіп, үлгісін Америкаға жіберді. Нәтижесінде құрамында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды қоспалар анықталған. Алдағы уақытта фильтрациялық жүйе орнату жұмыстарын атқару көзделіп отыр. – Жамбыл облысындағы үлкен проблема – фильтрациялық жүйенің болмауы. Қаланың барлық тұрмыстық суы Аса елдімекен маңына барып құяды, ол жерге сіңеді. Зиянды суды қайта өзіміз тұтынамыз,- дейді Қалмаханова Маржан.
Профессор Дэниел Сноудың лекциясына студенттеріміз ерекше ынтамен қатысады. – Студенттердің ғылымға қызығушылығы жоғары. Сұрақ қойып, судың құрамын зерттеу бойынша жан-жақты білгісі келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай,-дейді профессор Дэниел Дэвидсон Сноу.
Жер бетінде климаттық өзгерістердің болуы барша ғалымдарды толғандырып отыр. Климаттық өзгеріс үлкен экологиялық апат әкелуі мүмкін. PhD Daniel Snow ғылымды климаттық өзгеріске бағыттау керек деп есептейді. Судың, ауаның тазалығын үнемі зерттеп, оны жақсарту бойынша жұмысты жетілдіру адамзат өмірі үшін аса қажет дейді. Сондай-ақ, қоршаған ортаны таза ұстау, адамдарды тазалыққа тәрбиелеу өте қажетті қадам екенін айтады: «Қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеу үшін ең алдымен баладан бастауымыз керек. Ал бала өз әке-шешесін тәрбиелейді»,- дейді ғалым. Иә, қоршаған орта тазалығына ересектердің немқұрайлы қарауы өкінішті жағдай. Расымен, мектеп қабырғасында тазалық туралы баланың құлағына әбден құйсақ, сол бала ата-анасына түсіндіріп берер.
Шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу, өзара кеңесе отырып зерттеу жүргізу жақсы нәтиже берері анық. Студенттеріміз үшін де үлкен ғалымнан дәріс алу пайдалы болар деп сенеміз. Профессор Дэниел Дэвидсон Сноу Дулати университетінде бір ай көлемінде студенттерге дәріс оқитын болады.