Қонаев университетінің ректоры Өмірәлі Жалаири мен Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында академиялық ұтқырлық, білім, ғылым саласында тәжірибе алмасу көзделіп отыр. Осыған орай «Экономика және құқық» факультетінің ұжымы арнайы қатысты.
Қонаев университеті заң саласы мамандарын даярлайтын оқу орны. 1993 жылы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың батасын алып, колледж ретінде негізі қаланған. 30 жылдық тарихы бар жоғары оқу орны.
Дулати университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов меморандум аясында ғылыми бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.
Қонаев университетінің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар берген профессор Өмірәлі Шакарапұлы заң саласы бойынша білікті маман даярлаудың маңыздылығын айтты.
– Заң саласында маман даярлайтын оқу орындары бүгінде көбейіп кетті. Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Дуалды білім беруде қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Яғни, студенттеріміз теориялық біліммен қатар тәжірибе алаңында білімдерін жетілдіреді. Құқықтық мемлекет құруда атсалысатын мамандар керек,-деді.
Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ахметжанов Ербол Ұлатайұлы сапалы маман даярлау мақсатында университетпен тығыз жұмыс істеуге әрдайым дайын екендерін жеткізді. – Дулати университетінен студенттер келіп, тәжірибеден өтіп жатады. Оқу бітірген білікті мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Үздік, білікті мамандар бізге қажет. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары өңірімізде келеңсіз жағдайлар орын алды. Қордайда болған қақтығыс, Байзақтағы жарылыс, Қаңтар оқиғасы осы бойынша іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Өкініштісі, қоғам арасында сот ісіне сенімсіздік күшейген, заң саласына күмәнмен қарайды. Халықтың ойын өзгертіп, оң көзқарасты қалыптастыруда өз үлестеріңізді қоссаңыздар,- деген ойын ортаға салды.
«Экономика және құқық» факультетінің деканы Қайрат Ернишев студенттер теориялық білімді тәжірибемен үйлестіру үшін заң саласы мекемелерімен тығыз байланыс орнатылғанын тілге тиек етті. Оқу бітірген студенттер туралы мәліметтер де жұмыс орындарына ұсынылатынын өз сөзінде айтты.