Жатақханаға орналасу бойынша алдағы уақытта енгізілетін электронды жүйенің жай-жапсарын Дулати университетінің әлеуметтік жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Қанат Райқұлов — түсіндіріп берді.
– Жатақхана алудың электронды автоматты жүйесі қалай жұмыс істейтін болады? Оны студенттер қалай қолдана алады?
– Университетімізде жатақханада орын алудың жаңа жүйесі қараша айынан бастап енгізіледі. Енді студент «Platonus» деректер базасында жеке логин/паролі арқылы онлайн-өтінімдер беріп, арнайы құжаттарын тапсырады. Жүйе құжаттарды автоматты түрде саралап, орын береді, егер берілмеген жағдай да не үшін берілмегені жайлы хабарлама жібереді. Студент бұл жүйені қолданған жағдайда керекті мәліметтерді құжаттарды нақтылап көрсетуі қажет. Студенттік жатақханалардағы орындарды конкурстық негізде, арнайы құрылған комиссия бөледі. Комиссия мүшелері факультет декандары және проректорлар болады.
– Негізгі тәртіп-талаптары қандай?
– Бұл жүйедегі басты талап – тізімдегі құжаттар толық енгізілуі керек. Егер құжаттардың біреуі дұрыс сканерленбеген немесе бояуы айқын көрінбей қалған жағдайда жүйе сол жайлы студентке хабарлама жібереді. Ең бірінші мәселе – құжаттар түгел болуы тиіс.
Олар: 1. Жеке куәлік көшірмесі; 2. Студенттік жатақханадан орын алуға өтініш; 3. Отбасы құрамы туралы анықтама; 4. Студенттік жатақханада тұру ақысының төленгендігі туралы түбіртек (чек); 5. Студенттік жатақханаға орналасатын басым санаттарды растайтын құжаттар. Студент осы құжаттарды түгелдеп жатақханаға қабылдау туралы өтініш жазып, жүйге тіркейді.
– Бұл жүйе студенттерге несімен тиімді?
– Қазіргі таңда жастардың көбі ұзақ уақыт жауап күткенді ұната бермейді. Автоматты жүйе арқылы тез әрі жылдам нәтиже алғылары келеді. Міне бұл жүйе студенттерге осы мүмкіндікті бере алады. Жаңа жүйе біріншіден жастардың уақытын үнемдейді, ешқайда жүгіріп қол қойғызудың қажеті болмайды. Осы жағынан студенттерге өте тиімді. Ал екіншіден жатақханаға орналасу үшін берген өтінімнің жауабын сол сәтте біле алады. Әрине, тапсыру керек құжаттарды нақты, түгел көрсеткен жағдайда ғана. Жатақханада студенттер үшін түнгі оқу залдары, кинозалдар, үстел теннисі, акт залдары, хореграфия залы, компьютерлік класстар, «Жан сыры» психологиялық орталығы және «Бәйтерек» клубы жұмыс істейді. Қазіргі таңда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қарасты 510 орындық №1 (Ниетқалиев көшесі, 2), 212 орынды №2 (Сәтпаев көшесі, 25), 420 орындық №3 (Жамбыл даңғылы, 16А), жалпы 3 жатақхана бар. Сондай-ақ студенттер жатақханаға орналасу кезінде «Жатақханада тұратын студенттердің міндеттері мен құқықтары» екі тілде түсіндіріледі. Оларға жеке-жеке әр қайсысының қолына ереже таратылып беріледі. Студенттерге жатақханада тұру қауіпсіздігін сақтау мақсатында өртке қарсы бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілген, сонымен қатар ондағы тұрмыстық жағдайлар мейлінше жақсартылған. Студенттер үйінің тұрғындары интернет ресурстарын қалыпты қолдану және спорттық-мәдени іс-шаралармен айналысу мүмкіндіктеріне ие. Студенттер жатақханаларында оқытушылар кезекшілік міндеттерін атқарып, Студенттік кеңестері мен Студенттік жетекшілердің де жұмыстары тиімді ұйымдастырылуда. Жатақхана студенттері уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі патриоттық, рухани, салауатты өмір салтын насихаттайтын іс шаралар ұйымдастырылады.
– Әңгімеңізге, рахмет!
Назерке МАРАТҚЫЗЫ,
Конвергенттік журналистика мамандығының 3-курс студенті.