Студенттік кезең жылы естеліктерімен есте қалуы тиіс. Қайта айналып келмейтін бұл сәттің әр күні мереке-думанға толы. Халықаралық деңгейде тойланатын студенттер мерекесі 17 қараша күні деп белгіленген.
Студенттер күні М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік іс-шарада университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Гүлвира Мұсабекова оқу орны атаулы күнде жастарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін осындай салтанатты мереке ұйымдастырып отырғанын айта келіп, позитивке толы құттықтау сөз сөйледі.
– Адамның әр сәті бағалы. Бұл ұмытылмас күндер. Дулати университетінде өтіп жатқан сәттеріңіз жақсылыққа, думанға толы болсын. Біз студент мүддесі үшін жұмыс істейміз. Жастарға сапалы білім, өнегелі тәрбие беру жолында еңбек етеміз. Қай уақытта да, білімгерлерге дұрыс жағдай жасалуын қадағалаймыз. Үйде ата-аналарыңыз сіздерге жоғары білім алуға мүмкіндік туғызып отырса, оқу орнында оқытушыларыңыз бар. Сондықтан, қазір осы мерекелік кештен шыққаннан кейін бірден ата-аналарыңызға телефон шалып, жағдайын білсеңіздер дер едім. Студенттік күндердің думанын сезінуге, қызығы мен қиындығын көруге жол ашқан жақындарыңызды ұмытпаңыздар. Бүгінгі салтанатты күндеріңіз құтты болсын! - деп ізгі тілегін білдірді.
Гүлвира Айдарханқызы халықаралық, республикалық деңгейде Дулати университетінің атын шығарып жүрген белсенді студенттер арнайы дипломдармен марапатталды.
Өңірге қажетті білікті мамандарды даярлайтын оқу орнында сан-сала қамтылған. Ғылым жолына түсу, өнерлерін ортаға салу, спортты серік ету, шығармашылықтарын шыңдау жастардың рухын көтере түседі. Студенттер күні қарсаңында мәдени-тынығу қызметі мамандығының «Дулати жастар» студенттік халық театры М. Әуезовтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасын сахналады.
Алғаш рет қазақ театрының шымылдығын ашқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» драмасын студенттер жаңаша стильде сахналады. Қойылым жастар көңілінен шықты. Режиссерлік шешімдер ұтымды шыққан. Сахнадағы актерлардың әр қозғалысының өзі сөйлеп тұр. Басты рөлдегі Қарабай мен Сарыбайдың шебер ойыны көпшілік көңілінен шығып, жұртты баурап алды.
Бір сөзбен айтқанда, бұл күнгі мерекені ән-бимен емес, рухани кеште теартлық қойылымды көріп тамашалап өткізген жастардың көңіл қуанышы керемет.