Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолға алған «Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру» жобасы – өте өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Осы жоба шеңберінде Алматы қаласында өткен «IQ BATTLE» зияткерлік жарысына қатысуға 16 команда өтінім берді.
Осы жарыста Дулати университетінің жастар ісі жөніндегі комитеті жанындағы «Жамбыл альянсы» командасы 3-орынды иеленді. Команда капитаны, жастар ісі жөніндегі комитет маманы Дархан Байпақ бастаған гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің белсенді студенттері Жалғас Қуанышбек, Құттыбек Әшірхан, Ақпараттық технологиялар факультетінің белсенді студенті Нұрбол Тлепбаев ерекше білімділігімен көзге түсті. Логикалық сұрақтар кезеңінде университетіміздің командасы үздіктер қатарынан көрініп, 20 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды.
Екі күнге созылған интеллектуалды жарысқа іріктеу турлары алдын-ала онлайн өткен болатын. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жүзден жүйріктер өзара білім-білігін сынға салды.
Зияткерлік жарысқа қатысқан Дулати университетінің командасы жастардың дүниетанымын дамытарлық кейстердің шешімін тауып, әскери, тарихи, логикалық сұрақтарға жауап берді.