Шеберлік сағаты

Жалпы теориялық білімді тәжірибеде ұштау, практикалық сабақтар арқылы болашақ кәсібіне дағды алуға үйрету – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде қалыптасқан үрдіс. Барлық білім беру бағдарламалары бойынша мұндай тәжірибелік оқу жүйесі қарастырылған. Соның ішінде болашақ журналистер үшін де барлық мүмкіндіктер жасалған.

Жас журналистер клубының кезекті кездесуіне облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Фариза Әбдікерімованың келіп, шеберлік сағатын өткізгені – соның бір көрінісі. Қаламы қарымды журналистің Дулати университетінің түлегі екенін айта кеткен жөн.

Өңір журналистикасына еңбек сіңіріп, баспасөздің қазанында қайнап келе жатқан Фариза Әбдікерімова студенттерге журналистиканың қыр мен сырын, қызығы мен қиындығын қатар айтып, газет беттеудегі процесстерді әңгімелеп берді.

Болашақ журналистер сұрақ қойып, пікір білдіріп, ашық диалог орнағанын ерекше атап өткен жөн. Кездесу соңында ерекше ықылас танытқан студенттер ақыл-кеңес сұрап, мақала жариялау мен тақырып таңдаудың жолдарын сұрады.

Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің «Филология және журналистика» кафедрасына қарасты Жас журналистер клубының жұмысы алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Прочитано 871 раз
Top