Егемендігімізді айқындайтын негізгі құжат – 1990 жылы 25 қазанда қабылданғаны белгілі. Осынау тарихи күнді еліміз 2009 жылға дейін Республика күні деп мемлекеттік мерекелер тізіміне қосып, өз деңгейінде тойлап келді. Міне, енді 13 жылды араға салып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен айтулы күн қайта ұлттық мәртебеге ие болып отыр.
Бұл күн – Президентіміз атап өткендей, еліміздің тәуелсіздігіне жасаған алғашқы қадамы еді. Сондықтан айтулы күннің мәртебесі ғана емес, мазмұны мен маңызын да қайтаруымыз керек. Қайта оралған 25 қазан – Республика күні мерекесінің қайтадан жалпыхалықтың сипат алуына, қоғамдық санада қайта жаңғыруына М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті де өзіндік үлесін қосуда.
Аптаны патриоттық акция ұйымдастырудан бастаған Дулати университеті мәртебелі мерекеге орай университетте көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған болатын. Соның бірі – Республика күніне арналған салтанатты мерекелік концерт.
Салтанатты іс-шарада университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Гүлвира Мұсабекова профессор-оқытушылар мен қызметкерлерді, студенттерді мерейлі мерекемен құттықтады.
– Әр мерекенің тарихи сыйпаты мен рухани қуаты болатыны мәлім. Тарихы мен тағылымы терең рухани қуаты мығым мерекелердің қатарына Республика күні жататындығы айдан анық. Республика күнінің Тәуелсіздік мерекемізбен қатар аталып, мәні жағынан байланысты болатыны оның тарихи салмағын танытса керек. Тарих беттеріне үңілсек, біз 70 жыл ішінде көптеген қиындықтар мен бетпе-бет келдік. Тек өз егемендімізді алған кезде ғана бас көтеріп, көршілес мемлекеттермен терезесі тең дәрежеге жете алдық. Халықтың бірлігі, ынтымағы, жарқын болашаққа деген ортақ сенімнің арқасында егемендігіміздің тұғыры биіктей түседі. Еліміздің болашағы өз қолымызда. Сондықтан, еңсесі биік ел болу үшін әрдайым ізденісте, білімге құштар болуымыз керек, - деді Гүлвира Айдарханқызы.
Мерекелік концертте өнерлі жастар ән мен жырдан шашу шашты. Арнайы дайындалған бағдарлама көптің көңілінен шықты.