Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

Су ресурстарын қорғау – ғаламдық проблема. Ал біздің елімізде бұл мәселенің геосаяси мәні бар. Сондықтан, су шаруашылығын дамытуға тың серпін беретін ғалымдарға, сала мамандарына мейлінше қолдау көрсетілуі керек. Сондай-ақ осы бағытта кадр даярлап отырған оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет.

М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өткен бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының 1980 жылғы түлектерінің кездесуінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – ректордың міндетін атқарушы Гүлвира Мұсабекова осындай мәселелерге тоқталды. Түлектердің әр 5 жыл сайынғы дәстүрлі басқосуларының форматын өзгертіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғаудағы бастамашылдығына ризашылығын жеткізді.

Президент Жолдауда су шаруашылығына қажетті білікті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтауды тапсырғаны белгілі. Су ресурстарын қорғау және үнемдеу мәселесінің қай кезде де өзекті екені мәлім. Ал ол үшін білікті кадр, ғалымдардың зерттеулер жүргізуіне, тың жобаларын қолданысқа енгізуіне жол ашу қажет. 1980 жылғы түлектер дәстүрлі кездесулерін осы өзекті тақырыппен тиімді ұштастырғанын айта кету керек. Сондай-ақ студенттермен жүздесіп, пікір алмасу форматын таңдағаны да үйлесімді болды.

3

Негізі түлектер тарапынан дәстүрлі кездесуді басқа қалада өткізу туралы ұсыныстар да көтерілген екен. Алайда кеңесе келе күні кеше студенттік шақта өздері іргесін қалап, құрылысына атсалысқан Гидрокешенде басқосуға бел буыпты. Кездесуде институттың 60 жылдық тарихында қол жеткізген табыстары туралы айтып, маман даярлау ісінде материалдық-техникалық базаның маңыздылығы туралы сөз қозғады.

Келелі кездесуде терең әңгіме қозғағандардың бірі – академик Сағат Сұлтанұлы болды. Жалпы кездесуде мінберге көтерілген түлектер болашақ кадрларға қоғамда нарықтық қатынастардың талабы жиі өзгеріске ұшырап отырғанымен, техник мамандар даярлаудың маңызы жоғалмайтынын айтып, ой бөлісті. Ұлттың қамын ойлаған ел осыны естен шығармау керегін еске салды.

Түлектер кездесуіне арналған салтанатты жиыннан кейін «Қарахан» кафесінде Құран оқытылып, соңынан Тараз қаласындағы тарихи ескерткіштерге саяхат жасалады. Университеттің оқу корпустарымен танысу да осы күнге жоспарланған.

«Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының 60 жылдан бері (1962 жылдан бастап) «Су шаруашылығы» мамандарын даярлауды жүзеге асырып келеді. Институт директоры Кенжеғали Шилібектің айтуынша, кадрлық әлеуеті мықты  ұжымда 19 ғылым докторы, профессорлар, 50-ден астам ғылым кандидаты, доценттер, 13 PhD докторы еңбек етеді. Ғалымдардың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге қосқан үлестері көп.

Сондай-ақ институттың су шаруашылығы саласында көптеген табыстарға қол жеткізген түлектері бар. Солардың қатарында институттың 1980 жылғы түлектерін атап өтуге болады. 1980 жылғы түлектердің ішінде 20 шақты ғылым докторы шыққан.

1

Прочитано 1358 раз
Top