Республика бойынша биыл жоғары білім алуға бөлінген мемлекеттік грант саны рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда шамамен 17 мыңға көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағына техникалық саланың мамандары көп қажет болатынын айтқан-ды. Шындығында, еңбек нарығында кәсіби білімі бар кадрларға деген сұраныс көп. Сондықтан, 2022-2023 оқу жылына жоғары білім алуға берілген мемлекеттік білім беру грантының көп бөлігі техникалық мамандар даярлауға қарастырылған.
Биылғы оқу жылына бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, осыншама гранттың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, оның саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 6 288 грант тиесілі. Сондай-ақ технкалық бағыттарға ерекше назар аударылып, мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60 пайызға дейін ұлғайды.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Халықтың тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқу орындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» тағайындалды. Жаңа грант Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне жоғары оқу орындарында білім алу үшін мақсатты грант алуға мүмкіндік береді. Мақсатты «Атырау-Маңғыстау» грантына конкурсқа биылғы мектеп түлектері қатыса алады. Бірақ олар бір уақытта жалпы конкурсқа, оның ішінде «Серпін» байқауына қатыса алмайды.