Ақпараттық технологиялар күн санап дамыған заманда бұрынғы құндылықтар жүйесін сақтап қалу соншалықты қиынға соғуда. Әсіресе, жастар тәрбиесінде жіберіп алып жатқан кемшіліктеріміз көп. Көпке топырақ шашпаймыз, дегенмен, жас буынның басым көпшілігі үлкенді сыйлаудан қалып, кішіге қамқор болуды ұмыта бастағаны, жасырын емес. Қоғамда қалыптасқан бұл тенденция туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айрықша тоқталды. Қазіргі кезде біздің еліміз мүлде жаңа дәуірге қадам басып, қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеріп жатқанын айтты.
Президентіміз қоғамға көптеген жаңа сын-қатерлердің қаупі төнген кезде зиялы қауымға үлкен үміт пен жауапкершілік артылатынын бекер атап өткен жоқ. Мемлекет басшысының «Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастаған. Адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған. Біз қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керек, - деген сөзі ұрпағымыздың ұлағатты болуы үшін өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, сапалы білім мен саналы тәрбие беру керектігін көрсетеді.
Жастарға үлгі-өнеге тұтатын тұлғалар керек. Тұлға болғанда, кейінгі жылдарда «пайда болған» өздері құралпы көшбасшы замандастары емес, жетістіктер мен табысқа табанды еңбекпен жеткен жандардың өмір жолы насихатталуы керек. Осы мақсатта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика» кафедрасы «Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі» атты республикалық вебинар ұйымдастырды.
Онлай форматта өткен жиынға жоғары оқу орындарының оқытушылары, белді ғалымдар, магистранттар, докторанттар, жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдері, басшылары және болашақ педагогтер қатысты. Университеттің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Клара Жайдарбекқы бүгінгі ұстаз келбеті туралы мәселе көтеріп, кафедра профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Көшімбетова Аягүл Төреқызының ұстаздық еңбек жолымен таныстырды. Ұстаз болмысын, бейнесін, адамгершілік, рухани құндылықтарын қалыптастыру көздеген вебинарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова келелі әңгіме өрбітті.
Онлайн іс-шараның «Айтарым бар ...» айдарында «Ұстаз» институтының болашақ педагогтері өздері білім алып жатқан оқу ордасының алғашқы түлегі, ҚР Еңбек Ері Аягүл Миразоваға сұрақ қойып, әңгімелесу мүмкіндігіне ие болды. Ұлағатты ұстаз– Аягүл Төреқызы өзінің ұстаздық еңбек жолынан сыр шертті, табысқа жетудің жолдарымен бөлісті. Педагог үшін ең маңызды ұстанымдарды атап өтті. «Ең алдымен, мұғалім әрқашан жарқын жүзді әрі терең білімді болуы, әрбір баланың жүрегіне жол сала білуі керек.Әр оқушымен жақсы қарым-қатынас жасай алса ғана, шәкірт педагогқа шынайы сенім артатын болады. Нағыз ұстаз үшін балалардың бәрі бірдей – балалардың бәрі талантты да дарынды; ал жақсы мұғалім сол дарынды ашушы, баланың шамын жағушы, болашағына бағыт-бағдар беруші. Ал нағыз мұғалім ата-аналардың алғысына бөленген, оқушыға жайма-шуақ ахуал қалыптастыра алатындай шебер болуы қажет, - деді Аягүл Миразова.
«Ашық микрофон» айдарында болашақ педагогтер ұлағатты ұстазға өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп, арнауларын оқыды.
Республикалық вебинардың болашақ педагогтердің мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын ашуда айтарлықтай үлес қосқаны анық.
Клара БУЗАУБАКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор