«Практикалық шетел тілдері» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы жыл сайын, көктем және қыс мезгілдерінде ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған қалалық және облыстық семинарлар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Оқытушылар осы арқылы мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастық және біліктілікті арттырып қана қоймай, сонымен қатар кәсіптік бағдар жұмысын жүргізуді жолға қойып отыр.
Биылғы кезекті семинарды Тараз қаласы ағылшын тілі мұғалімдерінің Ассоциациясы (ТАТЕ) және «Практикалық шетел тілдері» кафедрасының оқытушылары ZOOM платформасында өткізілді. Семинарға арқау еткен «The use of online resources for the development of media literacy» тақырыбы қоғамдағы цифрландыру кезеңіне сәйкес өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан, облыстық және қалалық орта мектептер мен мектеп-гиназиялардың, мектеп-лицейлердің мұғалімдері мен колледж мұғалімдері аса қызығушылық танытты.
Кафедраның аға оқытушылары медиа сауаттылықты дамытуда түрлі интернет технологияларды қолданудағы білім-біліктілігімен бөлісті. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент К. Жолчыбекова ағылшын тілі сабақтарында смартфондардағы білім беру қосымшаларын кең көлемде қолдану жолдарын түсіндіріп өтті. Quizlet тегін платформасының жұмысы туралы мағлұмат берді.
Жалпы бұл платформаны пайдалану үшін дайын базаны қолдануға болады. Сондай-ақ суреттер мен аудиофайл қосып жеке интерактивті тапсырмалар кешенін жасау керек. Келесі кезекте сөздерді есте сақтап, сөздік қорды байыту үшін берілген тапсырмаларды орындап, түрлі ойындар ойнауға болады.
Аға оқытушы С. Берденова тыңдаушыларды WhatsApp желісін белсенді түрде қолдану арқылы орындалатын түрлі тапсырмалармен таныстырды. Ол семинарға қатысушыларды мәжіліс залдарында жұмыс жасау үшін топтарға бөліп, WhatsApp желісінде талқылауға тапсырмалар ұсынды. Семинарға қатысушы мұғалімдер берілген тапсырмалардың оқушылар үшін тиімді әрі орынды екендігін атап өтті. Кафедраның аға оқытушысы И.Лошкова Blended Learning (аралас оқыту) білім беру үлгісінің бірі Flipped Learning (астарынан оқыту) жайында мәлімет ұсынды. Негізі аралас білім беру – дәстүрлі әдіс пен актуалды технологияны біріктіріп оқытуға мүмкіндік береді. Мұндай әдістеме оқытылатын материалдың орнын, уақытын, қарқынын және жолын бақылап отыруға ыңғай жасайды.
Ағылшын филологиясының магистрі Р.Балғабекова білім беру жүйесінде QR код қолданудың мүмкіндіктерін және оларды сабақта пайдаланудың тәсілдерін көрсетті. Раушан Наурызбайқызы өзінің баяндамасында QR код жұмысының артықшылығына, шығармашылығына және жан-жақтылығы мен тиімділігіне тоқталып өтті.
Қатысушылар семинар туралы жоғары баға берді. Олар кафедра оқытушыларының жоғары құзыреттілігі мен кәсібилігін ерекше атап көрсетті.
М.Новожилова, п.ғ.к., доцент,
И.Лошкова, Д. Алтынбекова аға оқытушы.