Бұл туралы ректор Талғат Ешенқұлов пен ENACTUS KAZAKHSTAN президенті Альбина Ержанованың қатысуымен Дулати университетінде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Талғат Ешенқұловтың сөзінше, Дулати университетінің негізінде Enactus Kazakhstan мектеп және студенттік кәсіпкерлік орталығы ашылды. Стартаптарды және әлеуметтік-кәсіпкерлік жобаларды дамытудың бірлескен бастамасы халықаралық Enactus моделі негізінде аймақтық орталық құру аясында жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Дулати университетіндегі Еnactus орталығы белсенді және дарынды балалардың өзін-өзі таныту алаңына айналады. Орталық ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
Альбина Мейірбекқызының айтуынша, аймақтық орталық құру идеясын Enactus Kazakhstan компаниясының іскер серіктесі және демеушісі – Тұран табиғи су бренді Global beverages компаниясының бас директоры Мүсілім Өміряев қолдады. Enactus Kazakhstan аймақтық кеңсесін қолдауға және жобаларды іске қосуға 2 млн. теңге көлемінде гранттар бөлінді. Гранттар Мүсілім Тайырұлының дарынды балалардың кәсіпкерлік және инновациялық жобаларын қолдауға қосқан жеке үлесі.
Enactus – студенттер кәсіпкерлігінің халықаралық бағдарламасы. Дүние жүзіндегі 1800 университеттің студенттері кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын жасай отырып, командалық бизнес жобаларын жүзеге асырады. Сондай-ақ, жыл сайын Еnactus әлем чемпионы атағы үшін жарысады. 1000-нан астам халықаралық компаниялар бағдарламаны жастардың практикалық дағдыларын дамытудың бірегей алаңы ретінде қарастырып, қолдау көрсетуде. Enactus бизнес көшбасшыларының жаңа буынын оқытуға арналған табысты тәжірибеге бағытталған платформаға айналды.
Айта кетейік, Enactus Dulaty командасы Барселонада (Испания, 2004) және Сан-Хоседе (Калифорния, АҚШ, 2019) өткен әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғап, екі рет ел чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Ал, физика және математика пәндері бойынша Enactus NIS Taraz командасы Enactus Республикалық мектеп кәсіпкерлігі чемпионатының екі рет жеңімпазы (2020, 2021).
Іс-шара аясында Дулати университеті мен Enactus Kazakhstan арасында серіктестікті нығайту бойынша меморандумға қол қойылды.