РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Дулати университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында атқарылып жатқан өңірлік жаңалықтар мен жұмыстардың нәтижесі туралы  дөңгелек үстел өткізілді.

Кездесудің алғы сөзінде Дулати университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов Университетте «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүзеге асыру және келешегі жөнінде жаңалықтарын айтты.

Келесі сөз кезегін алған Ескерткіштерді қорғау дирекциясының директоры Қ.Дәурембеков «Ежелгі Таразды жаңғырту туралы» баяндамасын оқыды. Өткені мен бүгінді салыстырып, тарих беттеріндегі тың ақпараттармен бөлісті.

– Елімізде 2007 жылдан бастап «Рухани Жаңғыру» мақаласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Осы жоба негізінде Жамбыл облысы бойынша бүгінгі таңда 3448 ескерткіш бар. Біздің негізгі міндетіміз - өңірде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау. Сонымен қатар, оның ғылыми зерттелуі мен танымалдылығын арттыру мақсатында жұмыстар атқарамыз,-деді Қ.Дәурембеков.

Тасын түртсе тарихы сөйлейтін Тараз қаласы туралы жазба деректер мен тарихи оқиғаларға тоқтала отырып, тарих беттеріндегі көпшілік біле бермейтін ақпараттармен бөлісті. Тараз қаласы тек еліміздің ғана емес әлемдік деңгейде зерттелуі тиіс, сол себепті алдағы уақытта халықарлық деңгейде конференциялар өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Жиын барысында облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова «Бейбітшілік пен келісім» жобасын іске асыру туралы сөз сөйледі. Облыс көлемінде атқарылып жатқан этно-мәдени бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Қазіргі таңда әр ауданда әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар үшін азық-түліктер таратылып, баспана мәселесі шешілуде. Қайырымдылық жұмыстарға жастар да қамтылып отыр. Себебі, болашақтың іргетасын құраушы, ертеңімізді жалғаушы жастар болғандықтан, оларды халық жағдайын түсіне білуге үйретуіміз қажет,-деді.

Жиын соңында Дулати Университеті 1-курс магистранты Көркемжан Қанат өзінің авторлық «7 QYR» жобасын таныстырды. Жоба - мектеп оқушыларының «Ұлы даланың 7 қырын қалай оқытамыз?» деген сұрағына жауап табуға көмектеседі. Болашақта қазақ тілінде ғана емес, 3 тілде жүзеге асыру жоспарлануда екендігін айтты.

«Рухани Жаңғыру» дегеніміз - сананың сілкінісі, рухтың жаңғыруы болуы керек деген жиынға қатысушылардың бірлескен жұмысы алдағы уақытта жалғасын таппақ.

 

Дулати Университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 1222 раз
Top