ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН УНИВЕРСИТЕТ СТУДЕНТІ ҚОРҒАЙДЫ

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі ретінде Дулати Университетінің студенті Әбілхан Аманқұл Жапония астанасына барып, әлемдегі ең мықты боксшылармен рингте жұдырықтасады.

Дулати Университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры Талғат Ешенқұлов боксшы-студент Әбілхан Аманқұлмен және оның жаттықтырушысы Дулати Университетінің құрметті профессоры, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековпен кездесті.

Кездесуге Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Альмара Наурызбекова, «Сұңқар» спорт клубының төрағасы Дастан Жылысбаев, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Дене шынықтыру теориясы мен әдістемесі» кафедрасының профессоры Иван Кобер қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – олимпиада алдында университетіміздің ғана емес еліміздің намысын қорғайтын Әбілхан Аманқұлға сәттілік пен ақ жол тілеу және ұжымның тілектес екенін білдіру. «Шығарып салу дәстүрі» негізінде ұйымдастырылған кездесуде университеттің қазіргі және бітірген түлектерінің спорт саласындағы жетістіктері айтылды.

Айта өтейік, 2020 жылы 24-шілде мен 9-тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған XXXII Жазғы Олимпиада ойындары ағымдағы жылдың 23-шілде мен 8-тамыз аралығында Жапонияда өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациалық Олимпиада болмақ. Спорт додасында 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 206 ҰОК-тен 11090 спортшы қатысады деп жоспарланған.

 

Медиа-қызмет

Прочитано 1297 раз
Top