МИНИСТР ДУЛАТИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖАҢА РЕКТОРЫН ҰЖЫМҒА ТАНЫСТЫРДЫ

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне келді. Басты мақсат - университет ұжымын жаңа басшы Талғат Илиясұлымен таныстыру және білім мен ғылым саласындағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар туралы хабардар ету.

Жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы, университеттің экс-ректоры Сарыбеков Махметғали және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев университеттің бұрынғы басшысы Махметғали Нұрғалиұлының оқу ордасының дамуы жолында жасаған қажырлы еңбектерін атап өтіп, жемісті жұмысы мен университетті басқарған жылдарда көптеген жаңалықтар енгізгені үшін алғыс айтты.

Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы жаңа басшы Ешенқұлов Талгат Ильясұлының еңбек жолында жеткен жетістіктері мен көтерілген биігін тілге тиек етіп, жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Талғат Ильясұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы қызметінде жұмыс істегенін, білімді және білікті маман екенін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, қазіргі кезде университет деңгейінде шұғыл түрде шешуді талап ететін бірқатар мәселелер туралы ректорға тапсырма берді. Мәселен, биылғы жылдан бастап профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын көтеруді қолға алу, университеттің қаржылық-шаруашылық жағдайын қалыпты деңгейге жеткізу, жаңа жатақхана құрылысын толығымен аяқтау, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін көтеру, университеттің даму құжаттарын қайта қарау сыңды тапсырмаларды жүктеді.

Талғат Ильясұлы университетті заманауи сұранысқа сай келетін жаңа деңгейге шығаратынына сенімдіміз! Дулати Университетінің тізгінін алған жаңа басшыға алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тілейміз!

 

Дулати Университетінің
медиа-қызметі

Прочитано 1261 раз
Top