АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ КІТАП ҚОРЫ ЖАҢАЛАНЫП, ТОЛЫҚТЫРЫЛДЫ...

Дулати университеті 2019 жылдан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында облыстың шалғай ауылында орналасқан мектеп кітапханасын қолдау мақсатында 100 аталым бойынша электронды оқу залын орналастырып, электронды мобильді кітапхананы (100 аталым бойынша), сондай-ақ «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтардың QR-коды қойылған баннерді, жаңа кітаптарды сыйға тарту жұмыстарын жүргізуде. Дәстүрге айналған іс-шараны Дулати университеті бүгін Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бәйтерек ауылындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектепте ұйымдастырып келді.

Мұндағы басты мақсат - Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мектеп кітапханаларының кітап қорын  жаңалау, толықтыру бойынша  және Білім және ғылым министрлігінің «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде облыста шалғайда орналасқан ауыл мектептері кітапханаларына оқу-әдістемелік көмек көрсету, кітап қорын арттыруға ықпал ету, мұғалімдер мен оқушылардың жаңа көркем шығармаларды оқуына мүмкіндік жасау.  

Іс-шара барысында Кітапханалық-ақпарат орталығының директоры Иржанова Гүлжан Жеңісбекқызы қатысушыларға еліміздегі кітапхана желісінің сапалы адами капиталды қалыптастыру мен қоғамдық сананы жаңғыртудағы ролін баса айтты, сондай-ақ оқушыны кітап оқуға қызықтыру үшін алдымен, сапалы кітап қоры жинақталған кітапхана және оның визуалды көрінісінің көзтартарлық болу керектігін ескертті. Мектеп кітапханасына арнайы әкелінген кітаптардың мазмұнымен таныстырды. Соның ішінде Дулати университетінің профессоры Құламанова Зиба Абдуллақызының да жеке кітап қорынан сыйға тартылған оқулықтарды көрсетті. Орталықтың ІТ маманы Өтеген Сәния қатысушыларға электронды кітапханамен жұмыс жасау нұсқаулығын түсіндірді. Мектеп директоры Жорабекова Гүлнар Молдакуловна тосыннан жасалған осындай игі іс үшін  Дулати университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлына алғысын білдірді. Себебі ауыл мектептерінің кітапханаларында көркем туындылар мен әдебиеттер тапшы, тіпті қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз екендігін, оқушылардың  әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейтіндігі жайында сөз қозғады.

 Ал, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алиева Гульвира Кәдірбековна бұл сауапты істің мектеп кітапханасын жаңғыртудың құтты қадамы болғандығын жеткізді. Ауыл мектебі кітапханасының кітап қоры аздығы болмаса, мұғалімдер мен оқушылардың жұмыс жасау үшін интернеттің қолжетімді екендігін тілге тиек етті.  Мектеп кітапханашысы кітапхана жұмысымен таныстырып, кітапхананы заманауи жабдықтауда оқу ордамыздың мамандарымен тәжірибе алмасатындығын мәлімдеді. «Оқуға құштар мектеп» жобасының басты мақсаты – оқушыларды кітап оқуға баулу екендігін жеткізіп, сол бойынша атқарылатын жоспарымен бөлісті.

Қазіргі ақпарат ағыны қарқынды дамыған заманда дұрыс ақпарат пен адамға рухани тәрбие беретін кітап оқу маңызды. Осы тұста кітапханашының ролі зор. Себебі алдына келген оқырманның талғаммен кітап оқуын қалыптастыратын бірден-бір тұлға – кітапханашы. Кітап пен кітапханашының ағартушылық қызметінің мәні еш уақытта жоғалмайды.  

Сонымен қатар оқушылардың оқу, сөйлеу мәдениетін арттыруда мектеп кітапханасының орны ерекше. Заманауи кітапханалардың көбеюі еліміздің интеллектуалды деңгейінің артуына зор ықпал ететіндігін ескерсек, Дулати университеті мұндай пайдалы іс-шаралар жүйесін кешенді түрде жүргізуді жалғастыра береді.

«Рухани жаңғыру» жобалық офисінің

маманы Мырзабаева Балмира

Прочитано 2274 раз
Top