СЕССИЯ ТӘРТІБІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Бүгін университет ректорының м.а. Ержан Әмірбекұлы жазғы сессияның өту форматына байланысты әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шығып студенттер сұрағына жауап берді.

Жамбыл облысының қызыл аймаққа ену қаупі туындауына орай студенттер сессияны онлайн форматта тапсыратын болады. Эфир барысында ректор емтихан тапсыру барысын түсіндіріп берді:  – Кей пәндер жиынтық балл арқылы бағаланса, кей пәндер  Google Classroom, Platonus, Sirius, Moodle платформалары арқылы жазбаша және тест тапсыру арқылы бағаланады. Емтихан прокторинг жүйесі арқылы қадағаланады. Пән жиынтық балл арқылы бағалану үшін студент деканатқа өтініш жазуы керек. Емтихан нәтижесімен келіспеген жағдайда студент апеллияциялық комиссияға шағымдануына болады,- деді ректор.

Сессия тәртібін түсіндірген Ержан Әмірбекұлы егер студент коронавирустық инфекцияға шалдығып, емтихан тапсыра алмаған жағдайда ол студентке жаздық емтиханды тегін тапсыруға мүмкіндік берілетінін айтты. Сондай-ақ, интернет желісі нашар ұстайтын алыс ауыл-аймақтағы студенттеріміз университет жатақханасына орналасып, жатақхананың Wi-Fi желісін пайдалана алады.

Университет басшысы студенттер тарапынан түскен сұрақтарға жауап беріп, алдағы уақытта да жағдайға байланысты тікелей эфирлер ұйымдастырылатынын айтты.

Медиа-қызмет

Прочитано 1245 раз
Top