ЖҰЛДЫЗДЫ ТҮЛЕКПЕН ЖҮЗДЕСУ

«Мәдениет және өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жұлдызды 100 түлек» атты онлайн сұхбат өтті. Кездесу кешінің қонағы – «Мәдени – тынығу жұмысы» мамандығының түлегі, Республикалық «Әзіл әлемі» театрының белді актері, әлеуметтік желі арқылы блогерлікпен айналысып, отбасылық видеофильмдер түсіріп, танымал болып жүрген Арман Жаналиев.

Онлайн кездесуге «Мәдени- тынығу жұмысы» мамандығының студенттері қатысты. Сұхбат модераторы кафедраның аға оқытушысы Файза Куненова Арманның шығармашылық өмірімен таныстырып, студенттермен қызықты әңгіме өрбітті. Бүгінгі студент жастардың білім алу, іздену, еңбектену,  маман болып қалыптасу барысында, жалпы еліміздегі мәдениет және өнер саласы бойынша жастардың беталысы,  қоғамдағы рөлі жөнінде ойлар айтылды. 1-курс студенттері әр түрлі сұрақтар қойып, қонақпен тікелей ой бөлісті.

«Блогерлікпен айналысуыма елдегі карантин тікелей себепші болды. Той тоқтап, концерт қойылмайтын болған соң  үйде отырып қалдық. Осылай инстаграммға көңіл бөліп кеттік. Халықтың қошеметін, бізге деген ықыласын, ой-пікірін біліп жүрген адам болғандықтан мен өзім сол ортаны сағындым. Тойда энергиямызды шығарып, халықтың энергиясын алатынбыз. Қазіргі жағдайға байланысты  блогерлікке көңіл бөліп, қолдан келгенше видео түсіріп жатырмыз. Халыққа ұнағаннан кейін «Жаналиевтер» театрын аштық. Қазір  өзіміздің контентімізді жасап жатырмыз» -деп бүгінгі шығармашылық жұмысынан хабар берген Арман болашақ жоспарымен де бөлісті. Сөз соңында студент жастарға қазіргі қоғамда болып жатқан індеттен сақтануға шақырып, жастарға ақыл- кеңесін айтты.

Медиа-қызмет

Прочитано 1425 раз
Top