ТЕЛЕКӨПІР АРҚЫЛЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті қабырғасында «Академиялық адалдық – білім беру үрдісінің басты құндылығы» тақырыбында телекөпір өтті.

Телекөпірге ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, еліміздің жоғары оқу орындары мен Қырғызстан, Түркия, Ресей, Болгария елдерінің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның модераторы Дулати университетінің басқарма төрағасы-ректор м.а. Ержан Әмірбекұлы болды. Алғашқы сөз тізгінін алған Мирас Мұхтарұлы жемқорлық жайлы өзекті ойларын ортаға салды. Әсіресе, білім саласындағы жең ұшына жалғасқан жымысқы әрекеттің арты үлкен өкінішке әкелетінін жеткізді. Елімізде жемқорлықпен күресуде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. ҰБТ-ның жаңа форматы, жылда жүргізілетін ЖОО ректорларының есебі, бюджеттің ашықтығы сынды мәселелерді тарқатып айтты. Білім саласындағы ашықтық пен жариялылық, академиялық тазалық білім сапасының артуының кепілі екеніне тоқталды.

Өз кезегінде Ержан Әмірбекұлы Дулати университетінде қолға алынған бастамалар мен жемқорлықпен күресу бағытындағы атқарылған жұмыстар жайлы жіктеп айтты. «Саналы ұрпақ» фронт-офисі, барлық құжаттың электронды форматқа өтуі, ректор блогы, ұйымдастырылатын тікелей эфирлер барлығы дерлік осы бағытта жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, кез-келген мәліметті, ақпаратты қашықтан сайт, университет платформалары арқылы алуға болатынын да айтты.

Телекөпір арқылы байланысқа шыққан Қырғыз мемлекеттік техникалық университетінің проректоры Римма Элеманова,Түркия мемлекеті Кастомону университетінің профессоры Кутай Октай, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Илья Евтушенко, Шадринск мемлекеттік педагогикалық университетінің Халықаралық байланыс бөлімінің басшысы Елена Елизова өз тәжірибелерімен бөлісті. Жемқорлықпен күрес бағытындағы ұстанымдары мен жұмыстары туралы презентацияларын ұсынды.Тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявская 2017 жылы енгізілген Академиялық адалдық кодексінің мән-маңызы жөнінде ойымен бөлісті. Құжат жылда жетілдірілетінін, жаңа бөлімдер қосылғанын хабарлады.

Әр жоғары оқу орнының өкілі өз тәжірибелерімен бөліскен телекөпірдің соңында Ержан Әмірбекұлы жиынды қорытындылап, қатысушыларға өз алғысын білдірді.

Медиа-қызмет

Прочитано 1326 раз
Top