«ТӘУЕЛСІЗ АКТЕРЛЫҚ ЛАБОРАТОРИЯ» АШЫЛДЫ

Театр көрінгеннің ермегі емес, еңбек. Еңбектің көркемі. Театр – көңіл көтерудің ғана орны емес, мәдени ошақ. «Мәдениет және өнер» кафедрасы студенттерінің ұйымдастыруымен  «Тәуелсіз актерлық лабаратория» театры ашылды. Театрдың ашылуына себепкер болған «Мәдениет және өнер» мамандығының студенттері Нұрасыл Шегетай, Әбілхайыр Құдыретәлі, Айткүл Тауманова, Дильназ Алтай, Алдияр Жазылбек, Дәулет Орынбеков сынды білімгерлеріміздің  бастамасы.

«Біздің мақсатымыз жастар арасындағы мәдениет пен өнер ордасын қалыптастыру. Театр деген рухани ортаның бар екенін көрсету сонымен қатар, әр көрерменге тура жолды нұсқай отырып жақсы бағытта өзгеруіне себепкер болу. Аты айтып тұрғандай театрымыздың ерекшелігі тәуелсіз, яғни белгілі бір шектеу жоқ. Өнерге берілген өзіміз сияқты студенттердің шығармашылығын бірге шыңдау. Театрға келген адамның, қойылымнан кейін өзгеріп шығуына себепкер болсақ, төккен тер мен еңбектің ақталғаны»,- дейді жас актерлар.

Жаңалыққа жаны құмар жастар Абай Құнанбайұлының қара сөздерінен «Толғауы тоқсан қызыл тіл» тақырыбында инсценировка қойып көрермен қошеметіне бөленді. Қоюшы режиссер Шолпан Айтибаева Абайды жаңа қырынан таныту мақсатында қойылымға заманауи элементтерді енгізген. ХХІ ғасыр қоғамындағы белең алып жатқан оқиғаларды көрсетіп, оның шешімін Абай ХІХ ғасырда айтып кеткен дегендей, көп реквезитті қолданбай-ақ қойылым ішіндегі өмірді жастар көзімен шебер жеткізе білді.  Абайдың өнеріне терең бойлап 1, 3, 4, 7, 10, 15 қара сөздерін жинақтай келіп, дүние есігін ашқан сәттен о дүниелік болғанға дейінгі жанның тәнмен арпалысын көрсете алды. 

Өнерге қадам басқан жас шаңырақтың керегесі кең, шаңырағы биік болып қалыптасу үшін жан-жақты қолдау қажет. Сонда ғана өнер өміршең болмақ. «Тәуелсіз актерлық лабаратория» театры ұжымына жаңа қойылымдарды бұданда керемет деңгейде жеткізе алатынына, талантты жастардың талпыныстары биік белестерді бағындырарына сеніміміз мол!

Медиа-қызмет

Прочитано 1230 раз
Top