ҮЗДІКСІЗ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПРАКТИКА: ИННОВАЦИЯЛЫҚ БІЛІМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ӘДІСТЕМЕЛІК ВЕБИНАР

«Білім берудегі менеджмент» кафедрасының ұйымдастыруымен педагогикалық практикада жүрген 1-2 курс студенттеріне арналған «Танысу –педагогикалық практикасы: жаңашыл педагогтердің инновациялық  іс-тәжірибені үйрену және зерделеу» атты облыстық   әдістемелік вебинар   өткізілді.

Әдістемелік вебинарға «Ұстаз» институтының болашақ педагогтері мен Жамбыл облысының жаңашыл педагогтері және креативті ғалымдары қатысты.

Әдістемелік вебинар педагогикалық практика барысында жалпы орта білім беретін мектептердің жаңартылған білім беру мазмұнымен танысу, жаңашыл мұғалімдердің инновациялық іс-тәжірибелерін үйрену, зерттеу және зерделеу сынды педагогиканың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін шешуді меже тұтты.

Вебинарда Талас ауданы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Меруерт Зайнишова «Оқу үдерісінде интербелсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың белсенділігін арттыру» тақырыбындағы онлайн сабағында студенттерге сабақты жоспарлау, өткізу барысы, сабақтағы қолданылатын интербелсенді әдіс-тәсілдерге кеңінен тоқталып, соңында студенттермен кері байланыс жасап, студенттердің қызығушылығын оята білді.

Қаратау қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Асел Аскарова «Математика сабақтарында кері байланыс және рефлексия ұйымдастыру арқылы оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру» тақырыбындағы онлайн сабағында кері байланыс пен рефлексияның ара-жігін ашып, студенттерге кері байланыс жасаудың ауызша, жазбаша түрлеріне тоқталып, соңында вебинарға қатысушы студенттермен кері байланыс жасады.

Вебинардың «Айтарым бар ... » ашық микрофон айдарында болашақ педагог мамандар тәжірибелі педагогтарға жаңартылған білім беру бағдарламасынының мазмұны бойынша өздерінің сұрақтарын қойып, қажетті мағлұматтар алды.

Инновациялық вебинардан болашақ педагогтар жаңартылған білім берудің мәні – оқушы тұлғасына үйлесімді, қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру екенін ұғынды.

Ұлы Даланың кемеңгер-ағартушысы Ы.Алтынсарин: «Педагогикалық іс-әрекет –өте нәзік, қасиетті іс. Ол өте сезімталдықты, балаға деген өлшеусіз сүйіспеншілікті, бала жанын бірден танитын қырағылықты қажет етеді. Шәкірттерді сүйе білген оқытушы ғана қатал, талапты, өнегелі, беделді тәрбиеші болады» деп өткендей, шынайы педагогикалық іс-әрекетті тек өз мамандығын жан тәнімен сүйетін креативті педагог қана жүргізе алады.

Клара БУЗАУБАКОВА

«Білім берудегі менеджмент»      

кафедрасының меңгерушісі,

   п.ғ.д., профессор

Прочитано 1452 раз
Top