ОҚУ ФОРМАТЫ ТУРАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ЭФИР ӨТТІ

Университетіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларында бірінші проректор Ержан Әмірбекұлы 2-семестрдің оқу форматын түсіндіру мақсатында тікелей эфирге шығып, студенттер сұрағына жауап берді.

Білім және ғылым министрлігінің 28-желтоқсанда қабылдаған 548 бұйрығына сәйкес 1-курс студенттері 25-қаңтардан бастап сабақты университетке келіп оқиды. 1-курс студенттері үшін сабақ аралас форматта ұйымдастырылатын болады. Яғни, сабақтың 70% дәстүрлі режимде өтсе, 30% онлайн режимде өтеді. Ал 2-3 курс студенттері мен магистранттар, докторанттар үшін қашықтан оқыту режимі сақталады.

Тікелей эфир барысында Ержан Әмірбекұлы университеттегі сақтық шаралары туралы да толық айтып берді: – 1-курс студенттері үшін университет қабырғасына келіп оқу аса маңызды. Олар өздерінің студент екенін сезініп, универсиет табалдырығын аттап, ұстаздарымен танысып, дәстүрлі форматта оқуы қажет. Оқу орнында студенттердің қауіпсіздігі үшін барлық шаралар жүзеге асырылады. Аудиторияда студенттер арасында 1,5-2 метр арақашықтық сақталады және қатаң маскалық режим ұсталады. Ауру белгілері бар студенттер қашықтан оқи алады. Ол үшін студент деканатқа өтініш жазуы керек. Шетелдік студенттеріміздің де қашықтан оқуға мүмкіндіктері бар. Қандайда бір жағдайға байланысты студент сабаққа келмеген жағдайда ол барлық мәліметті парталдан ала алады. Ішкі тәртіпке сәйкес, дене шынықтыру пәні қашықтан онлайн режимінде оқытылатын болады, - деді.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай реттелгенше 1-курс студенттерінен басқасы қашықтан оқу форматында оқитынын айтқан Ержан Әмірбекұлы дәстүрлі оқу режиміне көшетін сәт те алыс емес екеніне сенім білдірді. Сондай-ақ, студенттердің жиі қоятын сұрақтардың жауабы университет сайтына орналастырылатынын айтып, студенттер мен ата-аналарды оқу орнының жаңалықтарынан құлағдар болып жүруге шақырды.

Медиа-қызмет

Прочитано 1330 раз
Top