КОМПЬЮТЕРГЕ АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ҚҰРАСТЫРЫЛДЫ

Дулати университетінің оқытушылары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасы аясында қазақ ұлттық ойындарын цифрландыру мақсатында патенттелген «Қазақ шаңырағы» инновациялық-танымдық ойынының WEB-қосымшасын (qaz-sh.tarsu.kz) даярлады. Мақсаты – «Қазақ шаңырағы» ойынының компьютерлік моделін жасау арқылы қазақ ұлттық ойындарын кеңінен насихаттау, танымал ету, мәдени құндылықтарды тарату.

WEB-қосымшаның ерекшелігі – «Қазақ шаңырағы» ойыны патенттелген, оның авторлары университет оқытушылары. «Спорт менеджмент» кафедрасының аға оқытушылары Бекболат Шилібаев, Дархан Минарбеков және «Дене шынықтыру» кафедрасының аға оқытушысы Жанар Бекбергенова аталмыш ойынды ойлап тапты.

Қазақ ұлттық ойындарының компьютерлік моделін даярлау тәжірибесі жалпы елімізде тың бастамалардың бірі. Себебі осы уақытқа дейін қазақ ұлттық ойындарының ішінде тек тоғызқұмалақтың компьютерлік моделі мен мобильді қосымшасы бар, сонымен қатар «Теңге алу» ойынының компьютрлік моделі 2019 жылы Шығыс Қазақстанда даярланған. Содан кейін мұндай тәжірибені Дулати университетінің мамандары қолға алып отыр.

«Қазақ шаңғырағы» ойынының ережесі бойынша ойын 63 тастан құралады. Тастарда қазақ дүниетамына, құндылығына байланысты суреттер бейнеленген. Ойынды 2 ойыншы ойнайды, 1-ойыншы ойынға кірген адам, 2-ойыншы компьютер. Әр ойыншыда 7 тастан болады. qaz-sh.tarsu.kz сілтемесі арқылы ойынға кіріп, оның ережесімен толық танысуға болады. Әзірге ойынды екі ойыншы ғана ойнай алады. Бірақ Дулати университетінің мамандары биылғы оқу жылының соңына дейін ойындағы ойыншылар санын арттырып, тіпті онлайнда адам мен адамның ойнау мүмкіндіктерін қарастырмақшы.

Медиа-қызмет

Прочитано 1181 раз
Top