«ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН БАҚЫТ» атты еске алу кеші өтті

«Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының ұйымдастыруымен «Еңбекпен тапқан бақыт» атты кездесу өтті. Кездесуге университет түлегі, Жамбыл облыстық мәслихаттың төреғасы Абдалы Нұралиев және Жамбыл облысы оқу ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, Дулати университетінің Басқарма-төрағасы, ректор Мұхтар Байжұманов, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.

Кездесу мақсаты – педагог, университет түлегі- Сағымкүл Жұмалиқызын еске алу және студенттерді өз мамандықтарын сүюге, кәсіби және жеке өмірлік жетістіктерге жетуге, рухани құзіреттілігін дамытуға баулу. Сонымен қатар,студенттерге аға буын өкілдерінің тәлімгерлік танытып, жол сілтеп, түлектердің университетпен байланысын нығайту.

Шараны Мұхтар Қазбекұлы ашып, университет түлектері қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрініп, оқу орнының дәрежесін көтеріп жүргендері үшін алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.

Пендешілікке – парасатты, ұсақтыққа – ірілікті, қастыққа – достықты, кертартпаға  – кісілікті қарсы қойып, халық игілігі үшін қызмет жасаған - Сағымкүл Жұмалиқызы жас ұрпаққа білім беру ошақтарында өз ізін салып кеткен педагог. Еліне адал қызмет еткен ұстазды еске алып, есімін ұлықтау, өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткен кездесуде жары- Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.

Жарына арнап «Сағымкүл...Сәке...Сағыныш...» атты естелік кітабы жарық көрген. Кітапта, тұлғаның болмыс-бітімі, атқарған еңбегі, ұлағатты істері мен тағылымды тағдыр жолы туралы мәліметтер жинақталған. Онда жары, балалары, замандастары, әріптестері мен шәкірттерінің сағынышқа толы сырлары топтастырылған.

Кездесу барысында Ерұлан Мағзымбеков Сағымкүл Жұмалиқызының өмірі мен ұстаздығы жайында сыр шертті. Ақиық ақын Арғынбай Бекбосынның «Сағымкүл қарындасымның рухына» атты арнауын білімгерлер әр өлең жолдарының астарына үңіліп, ондағы ақынның жан күйзелісін де, қуанышын да сезініп, өлең жолдарын оқыды. 

Айта кету керек, оқу ордамызда Сағымкүл Жұмалиқызына арналған дәрісхана бар. Басты мақсат – ұстаз еңбектерін тереңірек зерттеп, жас буынға ұсыну. Университет түлектері мен қазіргі білім алушылар арасындағы сабақтастықты ұлғайтуға бағытталған осындай атаулы кабинеттердің ашылып, жұмыс жасауы оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастыруға тигізер әсері мол.

Кездесу нәтижесінде студенттер пайдалы және маңызды ақпараттарға қол жеткізіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Еліміздің әрбір аймағында белді қызметтерді атқарып жүрген қара шаңырақ түлектерінің өз оқу орнын мақтан етуі білім берген ұстаздардың да кеудесіне мақтаныш сезімін ұялатады.

ЕСКЕ АЛУУ111

ЕСКЕ АЛУ222

ЕСКЕ АЛУ333

ЕСКЕ АЛУ444

 

 

Прочитано 671 раз
Top