Дулати университеті мен Жамбыл облысының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған бірлескен жобаны іске қосты. Бұл бастама екі жақ арасында 2024 жылы жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында жүзеге асуда.
Жоба аясында «Бір ауыл – бір өнім» атты оқыту және жобалық сүйемелдеу бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама ауыл кәсіпкерлеріне, әсіресе әйелдер мен жастарға арналған. Олар бизнес-жоспар құру, қаржылық сауаттылық, өнімді брендтеу мен нарыққа шығару бойынша білім алады.
Бағдарламаны университеттің профессор-оқытушылар құрамынан құралған сарапшылар тобы жан-жақты сүйемелдеп, практикалық консультациялық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар,университет жанындағы бизнес-инкубаторлар мен инновациялық хабтар жобаларды тәжірибелік іске асыруға мүмкіндік береді.Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік кәсіпкерлік жөніндегі кіші салалық кеңесінің отырысында аталған жобаның нақты іс-шаралар жоспары таныстырылып, тараптар арасында өзара тиімді серіктестіктің жаңа тетіктері талқыланды.
Аталған бастама Дулати университетінің ғылым, білім және кәсіпкерлікті тоғыстыратын аймақтық платформа ретіндегі рөлін айқындай түседі.