Версия для печати

ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

23 сәуір – Ұлттық кітап күні және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасына арналған  кітапханалық-ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен «#КітапОқыТрендтеБол» атты мерекелік жиын өтті.

Жиынның мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту. Кітаптың адам өміріндегі маңыздылығы жайлы сөз қозғап, жас буынды жаңа авторлар және олардың туындыларымен таныстыру. 

Мерекелік жиынды Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер бойынша проректор Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, кітаптың білім мен рухани даму жолындағы маңызды рөлін атап өтті. Ол жастарды көркем әдебиетпен дос болуға, кітапты өмірлік серік етуге шақырып, бұл шараның өскелең ұрпақты білім мен мәдениетке баулудағы маңызын ерекше ықыласпен жеткізді.

Басқарма Мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейтжан Орынбаев құттықтау сөз алып, жас буынның заманауи технология дәуірінде кітап оқудың құндылығын жоғалтпауы тиіс екенін тілге тиек етті. Ол кітап – ақпараттың қайнар көзі ғана емес, шығармашылық пен сыни ойлаудың негізі екенін айтты. Жастарды цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, кітап оқуға ынталандыруға үндеді.

Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек құттықтау сөз алып, кітап оқу мәдениетін дамыту – ұлттық руханиятты нығайтудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, «#КітапОқыТрендтеБол» секілді бастамалар кітап оқуды сәнге айналдырып қана қоймай, жастардың ішкі дүниесін байытып, рухани дамуына жол ашатынын жеткізді. Осындай игі мерекелік жиынды ұйымдастырып отырған кітапханалық-ақпараттық орталығының ұжымына алғысын білдіріп, жастарға кітап оқу арқылы жаңа әлемдер ашуға тілектестік екенін білдірді.

«Book talks» форматында өткен ашық диалогта оқырмандар өздеріне ұнаған кітаптар туралы ойларымен бөлісіп, әдебиет әлеміндегі жеке қызығушылықтарымен таныстырды. «Эверо» баспасының директоры Павел Гриценко «Жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарының трендтері» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі білім беру жүйесіне лайықты басылымдар туралы пікір білдірді. «Дарын» баспасының менеджері Мақсат Түгелбаев «Қазақ тіліндегі ғылыми-академиялық кітаптардың тапшылығы және ғылыми кітаптардың отандық нарықтағы орны жайында маңызды мәселелерді қозғады. Сондай-ақ, білімгеріміз Вячеслав Ращупкин «Жасанды интеллект онлайн платформалары арқылы келушілердің белсенділігін анықтау» тақырыбында өз зерттеуін көпшілік назарына ұсынды. «Химия және химиялық технология» кафедрасы оқытушылары арнайы тәжірибелік көрсетілімдер ұйымдастырып, «Қызықты химия» атты кітап көрмесі көпшілікті таңғалдырды.

Сонымен қатар, «Жас патриот» эссе жазу байқауының жеңімпаздары мен «Кітапхана волонтерлары» және «Үздік оқырман-2025» номинацияларының жеңімпаздары марапатталды. Баспа өкілдеріне және шақырылған қонақтарға да Алғыс хаттар табысталды.

Жиын барысында кітап баспаларының көрме-жәрмеңкесі өтіп, онда «Эверо» сынды отандық баспа мекемелері мен кітап дүкендері қатысып, келушілерге өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңке барысында келушілер кітап сатып алып қана қоймай,  кейбір шығармалардың авторларымен кездесіп, «Автор&баспа: face to face» (авторлардың Қазақстан баспаларының өкілдерімен басылым, авторлық құқық және т.б мәселелер бойынша) ой бөлісіп,  қолтаңба алып жатты. Жәрмеңке кезінде баспагерлер мен осы сала мамандары кітап саудасы мен осы салаға қатысты басқа да өзекті мәселелері жөнінде өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, «Сирек кітаптар – тарихтың мөрі…» атты көрмеде құнды басылымдар мен тарихи маңызы зор кітаптар көпшілік назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның ақпарат саласының үздігі, ҚР мәдениет саласының үздігі, «100 қайраткер әйел» анықтама-энциклопедияға кірген, Әулие-ата өңірінің тумасы, «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр-айна», «Қарлығаштар мекені» және «Сен берген гүл» атты өлеңдер жинағының авторы, «Азия дауысы», «Жас қанат» халықаралық байқауларының лауреаты, 35 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық телевидениясында 30 жыл қызмет атқарған, қазіргі таңда «Taraz24» телеарнасында «Биіктік» бағдарламасының редакторы, ақын Ғайни Әлімбекқызымен кездесу өтті. Кездесуде Ғайни Әлімбекқызының шығармашылығы турасында кеңінен әңгіме қозғалып, автор жастар тарапынан  қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мерекелік жиын соңында кітапханалық-ақпараттық орталығының директоры Гүлжан Жеңісбекқызы келген қонақтарға өз алғысын білдіріп, кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал және білім мен тәрбие көзі екенін жеткізді.

кытап141111

кытап222

кытап3333

кытап4444

кытап5555

кытап6666

кытап7777

мвыми

кытап8888

кытап нов11111

кытап нов2222

 

 

Прочитано 131 раз