Университет қабырғасында музей меңгерушісі Ақсәуле Тортайқызы мен тарих кафедрасының қауымдастырылған профессоры Альбина Әбенқызының бірлесіп бастауымен Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған «Жеңіс таңы атқанда!» тақырыбында жиын өтті. Жиын «Ер есімі – ел есінде» атты республикалық музейлік акция аясында ұйымдастырылды.
Басқосуға Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы мен тарихшылар, музей қызметкерлері, ұстаздар және студенттер қатысты.
Жиынның мақсаты – соғыстың тарихи маңызын ашу арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
Жиын барысында Басқарма мүшесі – әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Еділханұлы сөз алып, тарихи оқиғаларға терең шолу жасады. Қазақстан халқының ұлы жеңіске жету жолындағы қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі ұшан теңіз екенін жеткізді. Шайқастардағы майдангерлердің ерен ерліктері – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі екенін баса айтты.
Басқосуда Тарих кафедрасының аға оқытушысы Замира Сейдан өлкеміздің батыры Ағаділ Суханбаевтың ерен ерлігін баяндаса, Альбина Әбенқызы Екінші дүниежүзілік соғыстың пайда болу себептері, алғашқы кезеңіндегі КСРО-ның позициясы, Қазақстанның гитлерлік Германияны жеңуге қосқан үлесі жайлы тарихи деректермен бөлісті. Студентіміз Дастан Торалы «Бауыржандай атам бар!» баяндамасын әңгімелеп, қонақтармен еркін форматта пікір алмасты. Сонымен қатар, студенттердің орындауында күй тартылып, тыңдаушыларға рухани әсер сыйлады.
Ақсәуле Тортайқызы Ұлы Отан соғысына қатысқан ЖОО ұстаздар жайлы оқиғалармен сыр шертіп,тың деректермен бөлісті. Бейбіт өмір сыйлаған майдангерлердің есімдерін ұлт жадында сақтау, құрмет көрсету – басты мақсат екенін тілге тиек етті. Университет музейіндегі соғыста пайдаланылған жәдігерлерді (телефон, граната, мина, жазба машинкалары, патефон, каска т.б) таныстырып шықты.
Жиын соңында білімгерлерге соғыс туралы қысқаметражды деректі фильм көрсетіліп, көрермендерге терең ой қалдырды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді.